$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Сауд Арабиясы Қазақстанның ауыл шаруашылығына жарты миллиард доллар инвестиция құюға ынталы

AstanaTV
22.05.2014ж. 20:00
1679
Сауд Арабиясы Қазақстанның ауыл шаруашылығына жарты миллиард доллар инвестиция құюға ынталы

Сауд Арабиясы Қазақстанның ауыл шаруашылығына жарты миллиард доллар инвестиция құюға ынталы. Бұл туралы ауыл шаруашылығын өзгермелі климатқа бейімдеудің мәселелерін шешуге бағытталған сессияда белгілі болды. 7-ші Астана экономикалық форумының аясында өткен жиында құрғақшылық пен ылғалдылықтан сақтану амалдары талқыланды. 

Өзгермелі климатта ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру - жаһандық проблема. Елімізде де әр он жылдықта ауа температурасы 0,28 градусқа жоғарылап жатыр. Қуаңшылық дәнді дақылдар өнімінің шығымын екі есеге дейін төмендетіп, миллиард-таған шығын келтіруде.

Алайда елімізге тек құрғақшылық қана емес, аса көп мөлшердегі ылғал да тиімсіз. Өйткені бізде климатқа бейімді тұқым аздық етеді. Ал жаңа сұрыпты тұқым ойлап шығару бір күннің шаруасы емес екені белгілі.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Жаңа сорт ашу үшін, 10-15 жыл керек. Жаңа малдағы тұқымды, жаңа пароданы ашу үшін, 30-40 жыл керек. Бір күнде шелімейді. Осы сұрақты біз ғылымда да жаңа технология әдістерін пайдалануымыз керек.

Алайда дәнді дақылдар өнімділігі тек жаңа технологияларды игерумен шешілмейтіні белгілі. Трансшекаралық өзендердің суын тиімді пайдалану да өзекті. Асылжан Мамытбеков Орталық Азия елдерін шекара аралық өзендердің су ресурстарын келісіп тұтынуға шақырды. Климат қиындығы Сауд Арабиясына да қатаң тиіп отыр. Дегенмен арнайы іссапармен келген корольдіктің ауыл шаруашылығы министрі қазақ шаруашылғына инвестиция құюға өз елі ынталы екенін жеткізді. Мұсылман елі, әсіресе, біздің бидайды жоғары бағалап отыр.

Фахд Бен Абдуррахман,  Сауд Арабиясы корольдігінің ауыл шаруашылығы министрі:

Қазақстан бидайының сапасы әлемдегі ең жоғары деңгейде. Сондықтан біз оған қатты көңіл бөліп отырмыз. Өйткені оның құрамындағы протеин 14-15 пайызды құрайды. Басқа да дәнді дақылдар мен жемістерге және ет шаруашылығына қатты көңіл бөліп отырмыз.

Қос тарап біріккен инвестициялық қор құрып, ауыл шаруашылғын қаржыландыруға кіріскелі отыр. Бізге келеді деген инвестицияның жалпы көлемі жарты миллиард долларды құрауы мүмкін.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Қазақстанда астық сақтайтын терминал және астық сатып алу жобасын 300 млн долларға қызықтырып отыр. Және мал шаруашылғында ет өндіру компанияларының акционері ретінде акциясын сатып алуға дайын. Жарты миллиард  долларға дейін ақша салуға ынтасын білдіріп отыр.

Климаттың құбылуы ауыл шаруашылығы өнімдері шығымын бәсеңдетсе, азық-түліктің аздығы өз кезегінде аштықты арттырып отыр. Бүгінде әлемде 842 млн адам аш құрсақ. Ал 2050 жылы ашаршылық әлем халқының 20 пайызын шарпиды деген есеп бар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ