Еуразия экономикалық одағын құру
туралы келісімшарт жүзеге асса, өнім сапасын зерттейтін сынама кешендер мен
зертханалар көптеп ашылады. "Бастысы - жаңа өндірістер мен жұмыс орындары да
көбейетін болады", - дейді мамандар. Әсіресе отандық құрылыс, машина жасау
өнеркәсібі пайдаға молынан кенеледі деген жоспар да жоқ емес.
Бақытжан Сәркеев, ҚР Өңірлік даму
министрлігі, Кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары:
Ең алдымен біздің бизнес үшін 17
миллион емес, мысалы, 170 миллион халық тұратын үлкен рынок ашылады. Бұл бізге
инвесторлар тарту жағынан ұтымды. Бүгінде Түркияның, Оңтүстік Кореяның
инвесторлары келіп, осында өндірістерін ашуда. Ол өндірістер Қазақстанның ішкі
рыногы емес, Ресейге, Кеден одағына бағытталмақ. Ресей мен Белоруссияның
мемлекеттік сатып алуларының көлемі өте үлкен. 100 миллиард доллар шамасында.
Тимур Нұрашев, ҚР ИЖТМ ТРМК
«Ұлттық аккредитация орталығы» ЖШС бас директоры:
Технологиясы жетілген сынамалық
зертханалар Ресейде ғана бар. Қазақстан тәуелсіздік алған соң, осындай кешен
ашуға бет бұрды. Дегенмен, күн сайын жаңа өнім пайда болып жатқаны белгілі.
Әсіресе индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында. Сәйкесінше,
тауардың қауіпсіздігін талап ететін жаңа нормалар пайда болуда. Біздің
зертханаларымыз әлі де бәрін зерттеп, бақылауға қауқарсыз. Бірыңғай тауар
айналымы кеңістігі пайда болса, біз де көштен қалмауға тырысамыз.
Кедендік одақ құрылғалы
Қазақстанның Ресей және Беларусьпен тауар айналымы 29% артты. 2013 жылдың
көрсеткіші бойынша ол 24 миллиард АҚШ долларынан асқан. Тауар айналым жүйесінде
импорт көрсеткіші 18,5 миллиард долларды құрап отыр. Кіргізілген өнімнің 96%
Ресей Федерациясынан. Оның 77% тұтынушылар өнімі. Алайда экспорт көрсеткіші
төмен. Өткен жылғы экспорт көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 3,3% азайып, 6
млрд долларды құрады. Бұл шикізат және аралық өңделген тауар экспортының 13%
қысқаруынан болып отыр.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА