$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Оралда қабырғасы ыдыраған үйдің иелері қауіпсіз жерлерге көшірілді

AstanaTV
26.05.2014ж. 20:00
1064
Оралда қабырғасы ыдыраған үйдің иелері қауіпсіз жерлерге көшірілді

Оралда қабырғасы ыдыраған үйдің иелері енді кімнен көмек сұрарларын білмей дал. Қазір олар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Тұрғындар бұл апатқа үйдің астыңғы қабатындағы дүкен иесін кінәлайды. Ол жөндеу жұмыстарын жасаған. Пәтеріне де кіре алмай ашынған тұрғындарды тілшіміз Еркін Карин тыңдады.

Қазір тұрғындарға пәтерлеріне кіруге тыйым салынған. Олар арнайы құрылған комиссияның шешімін күтуге мәжбүр.

Талғат Еділбаев, Орал қалалық ТЖБ бастығы:

Қазір сарапшылар тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Апта соңына дейін олар үйдің бүлінген бөлігін сүріп қайта салу керек пе, әлде қабырғаны нығайтып, қалпына келтіру қажет пе, соны анықтайды. Тек сол ұйғарымнан кейін ғана іске нақты кірісеміз.

Ал тұрғындардың қаһарына ұшыраған кәсіпкер болса, үйдің тозығы жеткенін білмегенін айтады. Үйдің өзіне тиесілі бөлігін жөндемек болған ол енді бармағын тістеп отыр.

Еске салайық, оқыс оқиға өткен сенбіде болды. Бірінші қабаттағы дүкен қожайыны терезені ауыстырамын деп басы бәлеге қалған. Құрылысшылар тірегіш қабырғаны алып тастаған. Осының салдарынан өзі ескі, 1960 жылы салынған үйдің қабырғасы қақырады.

Марина Шалыхманова,  кәсіпкер:

Бұлай болатынын кім білген? Бар болғаны дүкенімнің қасбетін әдемілеп өзгерткім келді. Ескірген ағаш терезені пластик материалға ауыстырмақ болдым. Енді апаттың кесірінен саудам тоқтап қалды. Қала билігінен қандай көмек боларын, тіпті не істерімді де білмеймін.

Мамандар дерегінше, жөндеу жұмыстары кезінде үйдің бірінші қабатындағы плита жабындысы құлаған. Жоғары қабаттарға қауіп төнгесін, сөгілген қабырға мен төбе бекітілген. Қазір үй айналасы қоршауға алыныпты.

Майля Ғұмарова:

Обои түсіп жатыр, есік жабылмайды, балконның есігін ашпаңыз дейді, құлап кетеді қазір. Залдың іші трещина, еден де былай қозғалып етіп тұр, ваннаның плиткасы бәрі түсіп қалды.

Людмила Ружейникова:

Екі отбасы қонақ үйге қоныстандырылды. Бірақ онда ұзақ уақыт тұра алмайсың. Ішім-жемің, өзге де қажеттіліктерің бар дегендей. Сондықтан бізге осылай азап шектірген кесірлі кәсіпкер жазалануы керек. Бізге келген шығынды соның мойнына жүктеу керек. Соның кесірінен біз далада қаңғып қалдық.

Әзірге белгілісі - баспанасынан айрылған тұрғындарға өтемақының төленер-төленбесі екіталай. Мамандар бұл мәселе төтенше жағдайға кінәлілер  анықталғаннан кейін  шешіледі деп отыр.

Еркін ҚАРИН