Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ақтөбенің балалар бақшасында 4 бүлдіршін жарақат алды

AstanaTV
26.05.2014ж. 20:00
1208
Ақтөбенің балалар бақшасында 4 бүлдіршін жарақат алды

Ақтөбеде балалар бақшасының сылағы опырылып, 4 бүлдіршін жарақат алды. Нөмірі 37-ші «Балапан» мектепке дейінгі мекемесінің музыка залында биыл мектепке баратын балалардың балабақшамен қоштасу ертеңгілігі өтіп жатқан. Тәрбиеленушілер билеп жүрген мезетте төбенің бір тұсындағы сылақ құлап, 5 пен 7 жас аралығындағы бүлдіршіндердің басына түскен. Абырой болғанда, ауыр жарақат алғандары жоқ. Жедел ауруханаға жеткізілген балаларды дәрігерлер қарап, үйлеріне жіберіпті. 

Әкімжан Әубәкіров, Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының дәрігері:  

Балаларға бас сүйегінің рентгенографиясы жасалды. Бас сүйегінің патологиясы анықталған жоқ. Нейрохирургпен бірге қаралып, бас сүйегінің шайқалуы диагнозы алынып тасталды. Балаларға алғашқы хирургиялық көмек жасалынып, үйлеріне қайтарылды.

Қалалық білім бөлімінің ақпаратына сәйкес, бұл балабақша осыдан 4 жыл бұрын қайта жарақталып, пайдалануға берілген. 2010 жылдың желтоқсанында ашылған. Оқыс оқиғаға байланысты арнайы тексеру жұмыстары қолға алынды. Төтенше жағдай мамандары мен білім бөлімінің өкілдерінен арнайы комиссия құрылған.

Мансұр ЕСҚОЖИН