Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Петр Порошенко - Украинаның жаңа президенті

AstanaTV
26.05.2014ж. 20:00
1344
Петр Порошенко - Украинаның жаңа президенті

Украина өз таңдауын жасады. Алдын ала есеп бойынша, президент сайлауында Петр Порошенко жеңіске жетті. Ол дауыстың 55 пайызын жинады. Ал Юлия Тимошенко екінші орында. Десе де бұрынғы премьер-министр сайлауды әділ деп танып, жеңілісін мойындады. Жаңа президентпен әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниеті барын Америка Құрама Штаттары мен Ресей де білдіріп үлгерді.

Ал әйгілі «Roshen» кәмпиттерінің қожайыны Петр Порошенко сайлауда жеңіске жетсе, бизнесін сататынын мәлімдеді, яғни тәттілерін президент орынтағына ауыстыруға дайын. Алайда ол газ мәселесін шеше ала ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Киевтің Мәскеу алдындағы қарызы 3,5 миллиард доллар. 

Украинадағы жағдай енді тұрақталуы мүмкін. Жексенбіде халық өз таңдауын жасады. Президент орынтағына бизнестің бабын бір кісідей білетін кәсіпкер Петр Порошенко келді. Ол сайлаушылардың тең жарымынан астамының даусын жинады.

Петр Порошенконың халық арасында «Шоколад королі» деген атағы бар. Бизнесін кәмпиттерден бастаған ол бүгінде Украинада байлығының есебі бойынша жетінші орында тұрған миллиардер. Десе де оның саясат алаңындағы тәжірибесі де жоқ емес. 2000 жылдары президент Леонид Кучма жанында «Аймақтар партиясын» құрушылардың бірі болды. 2000 жылдардың соңында Виктор Ющенкомен достасады. Ол кезде ұлттық қауіпсіздік кеңесін басқарып, сыртық істер министрі де болады. Ал Виктор Янукович дәуірінде экономика министрі қызметін атқарды.

Порошенконы таңдағандар жаңа президент елдің батысы мен шығысы арасында ауызбіршілік орнатып, бауырларды татуластырады деген үмітте.

Бізде Батыс пен Шығыс арасындағы түсіністікті жоғалтты. Шығыс Батысты ешқашан қабылдамайды. Сондықтан оларға біз бір отбасы екенімізді түсіндіретін адам керек. Бауырларды бір біріне қарсы қоюға болмайды.

Мұның да немен тынарын, Порошенконың елді қалай басқаратынын көрейік. Егер басқара алмаса, Майданның әркез айтары бар.

Шығыста елге іріткі салып жатқан сепаратистерге қарсы қатаң шара қолдау керек. Елді екіге бөліп алғасы келіп жатқандарды аямау керек. Мұндайға жол бермеу керек.

Жаңа президент мұндайға жол бермейтін де сияқты. Ол елдің Шығысында арнайы операция өткізу керектігін қолдады. Дегенмен Ресеймен де дос болатынын мәлімдеді.

Петр Порошенко, Украинаның жаңа сайланған президенті:

Екі ел арасындағы түйткілдерге қарамастан, бізде қордаланып қалған сұрақтарды шешуге барлық мүмкіндік бар. Ресей біздің көршіміз. Оның қатысуынсыз Украинада қауіпсіздікті орнату мүмкін емес.

Жаңа сайланған президентпен АҚШ та, Ресей де әріптестік орнатуға ниетті. Порошенконың маусымның басында Мәскеуге сапарламақ жоспары бар. Ол ең алдымен газ саласын жемқорлардан тазартып, Ресей алдындағы көгілдір отын берешегін шешетінін мәлімдеді. Десе де саясаттанушылар Украина билігіне ауызбіршілік керектігін айтады.

Рүстем Бұрнашов, саясаттанушы:

Дағдарыстан шығу мәселесі бір адамға тіреліп тұрған жоқ. Бұл жерде Украина билігіне, әкімшілігіне келісіп жұмыс істеу керек. Яғни президенттік билік, парламент, үкімет бір жұдырыққа жұмылса, нәтиже болар.

Петр Порошенкоға артылған жүк жеңіл емес. Елді дағдарыстан алып шығып, тұрақтылық орнатуға оған 5 жылдық мерзім ғана беріліп отыр. Ел сенімін ақтамай, ісі мен әрекетін қабыстыра алмаса, Майданның майдан орнатуға дайын тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Айгүл ӘДЕПБАЙ  Анар СЮМБАЕВА