Алдағы 5-10 жыл бойына Қазақстан
мен Ресейдің көлік шығаратын бірлескен кәсіпорнына қазақстандық үкіметтің
қолдауы қажет. Бұл туралы біздің арнамызға берген сұхбатында «АвтоВАЗ» президенті
Бу Андерссен айтты. Дәл осы мәселе турасында ол жуырда премьер-министр
Кәрім Мәсімовпен жүздескен болатын.
Бу Андерссен, «АвтоВАЗ» ААҚ президенті:
Әңгімеміз толымды болды. «АвтоВАЗ» жүктелген міндеттемелерді өз мойнына
алды. Мен премьер Кәрім Мәсімовке
тура айттым: «Қазақстанға көлік
өнеркәсібі керек пе, жоқ па? Міне осыны шешу керексіздер деп. Қазіргі таңда біз
Қазақстанға көлік импорттау ісін жалғастыра аламыз. Алайда біз көліктерді
Қазақстанда құрастырғымыз келеді. Ірі компания болғандықтан, бізге кем дегенде
жақын арадағы 5-10 жыл бойына мемлекеттік қолдау қажет. Бұл екі елге де
тиімді.
Қазақстан мен Ресейдің Өскемен
қаласында толық циклды зауыт салу туралы бірлескен жобасы өткен жылы басталған
болатын. Зауыт салудың 75%-зын Қазақстан,
25%-зын Ресей тарапы орындауы қажетті. Ал 2017 жылы конвейрден алғашқы көлік
шығарылуы тиіс. Жалпы жылына 120 мың көлік шығарылмақ.
Жобаның іске асуына Ресей және
Қазақстан тараптарының мемлекеттік инвестициялары негіз болмақ. Яғни, біздің
тараптан инфрақұрылымға 7 миллиард теңге құйылмақ, ал Ресейдің салымы 4 миллиард
теңге. Алайда үкімет бүгінде қаражат бөлу мәселесін шешпеген
сыңайлы. Осы ретте біздің арнаның тілшілері еліміздің Өңірлік даму министрі
Болат Жәмішевпен тілдесті. Ол өз кезегінде, Қазақстан тарапы өз міндеттерін орындайтындығын
жеткізді.
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
Қазақстан үкіметі, сондай-ақ жобаға қатысушылар мен өз міндеттемелері бар
жеке ұйымдар мойындарындағы міндеттемелерді толықтай орындайды. Менің өзім бұл жобамен жіті
таныспын. Сондықтан, қазақстандық тарап алдында қандай да болсын міндет
тұрса, оның бәрін ретке келтіретіндігімізді айтқым келеді.
Жұрағат БАМАН