Түркияда өткен парламент сайлауында билік басындағы Әділет және даму партиясы жеңіске жетті. Олар төрт партия арасынан жалпы дауыстың 49 пайыздан астамын иеленіп, көш бастады. Осылайша, ақ партиялықтар бұрынғы құзыретін жалғастыру үшін қажетті межені бағындыра білді. Енді, жаңа үкімет жасақталмақ. «Анадолы» ақпарат агенттігінің мәліметінше сайлауға халықтың 85 пайыздан астамы сайлауға қатысқан. Әділет және даму партиясы бұл жолы жаздағы сайлаудан 10 пайызға артық дауыс жинап,мәжілістегі 550 орынның 316-сын иеленді. Ал, Республикалық халықтық партия 25 пайыз дауыспен 134 депутаттық мандатқа жолдама алды. Ұлтшылдар қозғалысы мен күрдтердің демократиялық халықтық партиясы 10 пайыздық межені бағындырғанмен, маусымдағы көрсеткішті қайталай алмады.
Салахаддин Демірташ, Халықтық демократиялық партияның тең төрағасы:
Біз маусымдағы нәтижемен салыстырғанда 1 млн-дай сайлаушымызды жоғалттық. Бірақ еңсемізді түсірмейміз. Қиындықтарға қарамастан 10 пайыздық межені бағындырдық. Сондықтан бұл да жеңіс.
Түркияда 183 мың сайлау учаскесінде 56 миллионға жуық адам дауыс берді. Елдің барлық аймағында қауіпсіздік күшейтіліп, шығыс өңірлерде әскерилер күзетке шықты. Халық саяси доданың тыныш өткеніне риза. Себебі, жаздағы сайлаудан бері 400 дей адам көз жұмған. Жеңіске жеткен билік партиясындағылар елдегі тұрақтылықты сақтау маңызды екенін айтты.
Ахмет Дәуітоғлы, Әділет және даму партиясының төрағасы:
Бұл тек Әділет және даму партиясының ғана емес, бүкіл Түркияның жеңісі. Біз елдің тұрақты дамуы үшін билікке келдік. Сол мақсатымызды жалғастыруға мүмкіндік бердіңіздер. Енді, уәде еткеніміздей терроризмен күресе отырып, экономиканы жақсарту жолында аянбай тер төгеміз
Сайлаушы:
Екі сайлаудың арасында қаншама қиындықты бастан өткіздік. Жазықсыз жандар көз жұмды. Жаздағы сайлауда халық Әділет және даму партиясына аз дауыс беріп, оппозицияға жол ашқан еді. Өкінішке орай, олар мұны тиімді пайдалана алмады. Тіпті төрт партия өз ара келісімге келе алмай, бөлініп кетті. Бізге ондай саяси жүйе керек емес.
Бес ай бойы уақытша үкіметтің басқаруында болған Түркия халқы Әділет және даму партиясына билікті қайта тапсырды. Енді, үкімет бес жылға дейін ақ партияның қолында. Ал, бұған дейін үшінші партия атанып келген ұлтшылдар қозғалысы 40-тан аса орыннан айырылды. Осылайша, күрдтер қолдайтын Демократиялық партияға орын беріп, төртінші орынға тұрақтады.
С.СҮЛЕЙ