Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ұлттық банктің басшысы ауысты

AstanaTV
02.11.2015ж. 20:00
1002
Ұлттық банктің басшысы ауысты

Ұлттық банкке жаңа басшы тағайындалды. Бас банктің тізгіні Президенттің ұсынысымен 39 жастағы Данияр Ақышевқа тапсырылды. Ал Қайрат Келімбетов жаңа қызметке ауысуына байланысты, өз орынтағын босатты,- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған дейін көп естіле қоймаған онша танымал емес су жаңа төрағаның қызмет жолы қандай? Ұлттық банкті екі жыл басқарған Қайрат Келімбетов не тындырды?

Есілдің сол жағалауында дүрбелең. Алдымен Ақордада Президент Данияр Ақышевті қабылдады. Жаңа төрағаның кандидатурасын ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев ауыс-түйістің себебіне де бірауыз тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Экономикаға берілетін несие төмендеді.Теңге жоқ. Жұмыс істейтін теңге болу керек. Ол жоқ болған соң долларға көшіп жатыр бәрі.  Мамандардың білімімен шешілетін көп жағдайлар бар.Сол жағдайлар кейінгі кезде төмендеп кетті. Соған байланысты жаңа Ұлттық банктің төрағасына Данияр Акишевті тағайындауды шешіп отырмын. Осы шешімді Сенат қолдайды деп сенемін.

Сөйтіп, табан асты сенатта жалпы отырыс өтті. Жоғарғы палатадағылар маңызды саяси-экономикалық шешімді бірауыздан қабылдады. Ұлттық банктің су жаңа төрағасы Данияр Талғатұлы Ақышев. 39 жаста. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.18 жыл Ұлттық банкте түрлі қызметтер атқарған. Соның ішінде жеті жыл Төрағаның орынбасары болған. Ал былтырдан бері Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Орыс және ағылшын тілдерін жетік біледі. Ұлттық банктің экс басшысы Қайрат Келімбетов дегенде ойға не оралады? Ол бас банк тізгінін ұстаған екі жылда төл теңге долларға қатысты екі рет құнсызданды. Алмағайып кезеңде аса жауапты қызметте болған, Келімбетов көптің келемежіне жиі ұшырады. Жуырда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан экономиканы сауықтыруға 1 трлн теңге бөлінетінін жариялағанда жұрт тағы тіксініп қалды. Адекватты бағамды айтып ауыз жимастан, теңге 280-ге өсіп кетті. Дегенмен, Келімбетов кете-кеткенше алдағы екі жылда бағам 250-270 арасында болады деуден танбады.

Бір айта кетері, Ұлттық банк теңгені еркіне жіберген соң, долларға сұраныс күрт өсті. Осы тұста көк қағазды құныға сатып алып жатқандардың негізінен банктер екені белгілі болды. Кей сарапшылар Келімбетовтің кетуіне бұл да түрткі болуы мүмкін деп болжайды. Экс-төрағаның қандай қызметке ауысқаны әзірге белгісіз. Камераға еті үйренбеген Ақышев бүгін тілшілерден қашқақтап бақты. Сенат төрағасының құттықтауын қабылдаған соң, Президент әкімшілігі жетекшісінің соңынан асығыс аттанып кетті. 

Қалай болғанда да Ақышевқа ендігі жерде халық пен билік арасындағы көпір - журналистермен тығыз жұмыс істеуге тура келеді.

М.БАҚЫТҚЫЗЫ