Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Павлодарлық ата-аналар мектеп формасын таңдау ісінде мәжбүрлеуге тап болған

AstanaTV
16.05.2016ж. 20:00
1742
Павлодарлық ата-аналар мектеп формасын таңдау ісінде мәжбүрлеуге тап болған

Павлодарлық ата-аналар мектеп формасын таңдауда мәжбүрлеуге тап болдық деп наразы. Айтуларынша, кейбір білім ордалары ата-аналарды белгілі бір фирманың киімін ғана сатып алуға міндеттеген. Оның бағасы қымбат көрінеді. Қолымен ұстап көрмеген соң, сапасынан да бейхабармыз, - дейді тұрғындар. Білім басқармасындағылар болса, киім үлгісінің түсіне байланысты ұсыныс жасағандарын жасырмады. 

Екі баланың анасы Елена Шевченко бірыңғай мектеп формасын енгізуді құптайды. Бұл оқушылардың жік-жікке бөлінуін тияр еді, әрі эстетикалық жағынан да жағымды үрдіс,-деп санайды ол. Алайда, "мектеп басшылығы оқушы киімінің үлгісін таңдауға келгенде ата-аналардың пікірін ескермеді. Бұл мәселені күрделендіріп жіберді" дейді ол.

Елена Шевченко:

Неге өзіміз таңдау жасамаймыз? Матаны таңдасам, өзім де тіге аламын ғой. Екі балам оқушы. Мысалы, мектеп міндеттеген бешпеттің орташа құны 10 мың теңге. Екі балаға 20 мың кетеді. Ал, олардың тез өсетінін ескерсек, жарты жылдан кейін тағы жаңасына тапсырыс беруге тура келеді.

Бұл №8-ші лицейдің ата-аналарына жіберілген келісімшарт. Оған сәйкес, мамырдың 20-на дейін клиент фирма ұсынған киімнің үлгісін, өлшемі мен түсін таңдауы тиіс. Бастысы, сатып алушы 7000 теңге көлемінде алдын ала төлем жасауға міндетті, делінген құжатта.

Толқын Рақымбаева, тігін фабрикасының өкілі:

Алдын ала төлемді фабрикаға өтініш беру үшін сұрап жатырмыз. Олар тиісті мата мен фурнитураны сатып алады. Ал өлшемге қатысты айтсақ, балалардың тез өсетінін білеміз. Бірақ бізге нақты саны керек. Қанша ұл бала мен қыз балаға форма тігетінімізді білу үшін. 

Басталмай жатып, дауға ілінген бірыңғай мектеп формасын енгізу ісі - уақыт талабы.  Бұл қоғамды дендеген әлеуметтік теңсіздік мәселесін жоюдың басты құралы болмақ. Сонымен қоса, оқушыларды ұқыпты әрі заманға сай киінуге үйрету арқылы мектептердің мәртебесін көтереміз,- дейді білім басқармасындағылар.

Саян Мұқанов, Павлодар облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Облыс тарапынан көк түсті форма ұсынылып отыр. Осы форманы ұсынып жатқан себебіміз - түсін, форманың түсін, бір мектептен бір мектепке бала ауысқанда, қиындық тумағандай. Қайтадан форма алмас үшін. Қайтадан шығын шықпас үшін.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Керекулік мектеп таңдаған тігін фабрикасы Алматыда орналасқан. Фирма өкілінің айтуынша, тек Павлодар қаласындағы 24 білім ордасынан тапсырыс түсіпті. Құны 10 мың мен 25 мың теңгенің аралығында. Ата-аналар қауымы бағасы қымбат, біздің қалауымыз ескерілмеді десе де, амал жоқ, тапсырыс береді. Бірақ бұл істі мәжбүрлі емес, келіскен түрде жүргізсе, дұрыс болар еді деп отыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ