Соңғы он жылда елімізден
оффшорлық аймақтарға 140 миллиард доллар қаражат шығарылды. Жыл сайын жеке
тұлғалар 1,5 триллиондай теңгені заңсыз шет ел асырып отырған. Мұндай сорақы
мәліметтерді бүгін еліміздің Бас прокуроры келтірді.
Заңдылықты, құқықтық тәртіп
пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің
жинынында өзге де маңызды фактлер айтылды. Асхат Дауылбаев соңғы 3 жылда
елімізде экономикалық қылмыстардың саны жыл санап артқанын жасырмады.
Асхат Дауылбаев, ҚР Бас
прокуроры:
2010-2013 жылдар аралығында
республикамызда күмәнді қаржылық операциялар жайында 3,5 миллион хабарлама
назарға алынды. Олардың 70 пайызы банктерден аса ірі көлемде ақша шешіп алумен
байланысты. Жалпы сомасы 30 триллион теңгені құрайды. Алайда құқық қорғау
органдарының тексерісіне барлық хабарламалардың тек 423 ғана жолданып отыр. Ол
бойынша 90 қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органдардың жұмысы дұрыс жолға
қойылмаған.
Сонымен қатар елімізде қаржылық
бақылаудан жалтарып, сыртқа ақша шығарудың жаңа тәсілі анықталды. Қазақстандық
алаяқтар делдал ретінде тауар мен қызмет көрсетуге төленетін ақы түріндегі
қомақты қаржыны шетел асырып келген. Бұл мәселемен күресті заңды шешу үшін
отандық қаржыгерлер Ресейдің тәжірибесіне жүгінбек.
Айвар Боданов, ҚР ЭҚСЖҚК
агенттігі төрағасының орынбасары:
Ресей Федерациясының үлгісімен
қазақстандық азаматтығы жоқ тұлғалардың есеп шотына жалған құжат бойынша ақша
аудару операциялары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды қарастырып
жатырмыз.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ