Инфляция жыл басынан бері 4,5 пайызға өскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда
2,1 пайызға артық. Құнсыздану ақпандағы девальвацияның әсері. Салдарынан
азық-түлік тауары 5 пайызға, өзге тауарлар мен қызмет көрсетулер 4 пайыз
төңірегінде қымбаттады. Бұл туралы Экономика және бюджетті жоспарлау министрі
мәлімдеді. Экономикаға кері әсер еткен себептер - өндірістің бәсеңдеуі,
инвестициялық белсенділіктің төмендігі, қайтарымсыз несиенің қордалануы және
Украинадағы дағдарысқа қатысты Ресей экономикасының әлсіреуі.
"Ал тауар
өндірудің төмендеуіне Жезқазған мыс балқыту зауытының күрделі жөндеуге жабылуы
және Қашағанның тұралап қалуы әсер етті", - дейді министр. Осы орайда әлемдік
сарапшылар Қазақстан экономикасының өсімі болжамды 6 пайызға жетпей, 4,5
пайызбен шектелетінін мәлімдеген.
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі:
Мұнай және газ министрі оператормен жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың
мәліметінше, келесі жылдың соңында өндіріс іске қосылады. Біздің есеп бойынша, 2016-2017 жылдары Қашаған ел экономикасының өсіміне қомақты үлесін
қосады.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі жер салығына жасалып келген 70 пайыз
жеңілдіктің бұдан былай жойылатынын айтты. Қазіргі таңда 6,8 млн гектарды
құрайтын 18 мың жер телімі қолданылмай текке жатыр. Бірақ өзгеріс арнайы салық
жүйесі қолданылатын шаруа қожалықтарына таралмайды. Министр жүн-тері, балық,
мақта, кондитерлік және макарон өндірісімен шұғылданатындарға бұрынғы
жеңілдіктер сақталатынын айтты.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Арнайы салық режимі қайта өңдеумен және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатумен
айналысатын қосымша құн салығы төлемшісі болып саналмайтын заңды тұлғалар үшін
сақталады. Жер салығына 70 пайыздық жеңілдіктер алынады, оның орнына ауыл
шаруашылығы тауар өндірушілері қоршаған ортаның эмиссиясы үшін төлемнен
босатылады.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ