$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Әлемнің ірі мұнай компаниялары қазақстандық «Еуразия» жобасына қатысуға мүдделі

AstanaTV
17.06.2014ж. 20:00
1247
Әлемнің ірі мұнай компаниялары қазақстандық «Еуразия» жобасына қатысуға мүдделі

Әлемнің ірі мұнай компаниялары қазақстандық «Еуразия» жобасына қатысуға мүдделі. Оған деген қызығушылық былтырдан бері арта түсті. Бұл туралы Мәскеуде өтіп жатқан жиырма бірінші дүниежүзілік мұнай конгресінде еліміздің Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді. Аталған жобаны жүзеге асыру идеясы алғаш рет сегізінші ҚазЭнерджи форумында айтылған.

Ғалымдардың пайымынша, оны жүзеге асыру Каспий маңындағы мұнай өндіру көлемін еселеп арттыруға мүмкіндік туғызады. Жоба үш кезеңге бөлінген. Бірінші қадам - өткен ғасырда жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша құжаттарды түгендеп, мұнай қоры туралы деректерді топтастыру. Екінші кезеңде көлемді геологиялық барлау шараларын жүргізу көзделген. Содан кейін барып, 15 шақырымға дейінгі тереңдікке ұңғыма қазу мақсаты тұр. 

Балтабек Қуандықов, «Меридиан Петролеум» компаниясы президенті:

Бұл дүние жүзінде болмаған. Ол жерді 20-25 километрге дейін қарап, 15 километрге дейін ұңғы қазу - бұл оңай шаруа емес. Оған жоғары технологияларды, жаңа техниканы әкелуіміз керек.

Бұл жобаның құны, алдын ала есептеулер бойынша, 500 миллион доллардан кем болмайды деген болжам бар. Оны ірі инвесторлардың көмегінсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан инвестиция тарту мәселесі өзекті. Бірақ осы форумда байқалғандай, шетелдіктер тарапынан Қазақстанға, әсіресе, еліміздің мұнай газ саласына деген қызығушылық жоғары. 

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Инвестиция салғандарға біздің елімізде көптеген жеңілдіктер беріліп жатқаны мәлім. Мұны шетелдік компаниялар да біледі. Сондықтан біздің экономикаға қаржы құюға қызығушылық танытып жатқандар өте көп. Осы форумда соған тағы да көзіміз жетті.