Алматыда өз пәтеріндегі жарылыстан
қаза болған Роман Поздняковтың өліміне қатысты сот процесі басталды. Айыпталушының
орнында марқұмға жарылғыш затты бірнеше күн бұрын берген танысы Евгений Тюкачев
отырды.
Алматы қаласы Бостандық аудандық
сотының дерегіне сай, Тюкачев жарылғыш затты заңсыз иемденіп, сақтағаны үшін
жауап береді.
Естеріңізге салайық, оқиға
наурыздың 19-ы күні «Орбита-4» ықшам ауданындағы көп қабатты үйде болған. 1-ші топтағы мүгедек, 27
жастағы Роман Поздняков жатын бөлмесінде РГД-5 әскери гранатасын іске қосқан. Жарылыс
кезінде пәтерде марқұмның анасы мен туысы болған. Олар дін аман.
Айта кетейік, Роман Поздняков 12
жылдан бері арбаға таңылған мүгедектер санатында. Көршілерінің айтуынша,
ол осы аралықта аяғынан тік тұру үшін түрлі ем-дом іздеп, анасымен бірге Қытайда
ем алып, пәтерінде түрлі жаттығулар жасап келген.
Маржан СЕРІКҚЫЗЫ