$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Қарағандыда иесіз үйлерді босатуға қатысты сот орындаушылар жиналды

AstanaTV
18.06.2014ж. 20:00
1766
Қарағандыда иесіз үйлерді босатуға қатысты сот орындаушылар жиналды

Қарағандыда 20-дан астам отбасы баспанасыз қалудың аз-ақ алдында. Олардың жылдар бойы тұрып келе жатқан пәтерлеріне қожайын табылды. Енді сот шешімімен қала шетіндегі және Шахтинск қаласындағы бірқатар көп қабатты үй тұрғындары баспаналарын босатуға мәжбүр.

Кезінде иесіз қалған пәтерлерге қоныстанып, күрделі жөндеу жұмыстарын жасаған қарағандылықтар, төбесіне жай түскендей болып отыр. Арада 20 жылдай өткенде, баспаналарының қожайындары пайда болған. Сан соғып қалған тұрғындарға жаңа баспана тауып беруге немесе өтемақы төлеуге ешкім асығар емес.

Любовь Коваленко, Шахтинск қаласының тұрғыны:

Қолда ешқандай құжатымыз жоқ. Кейбіреулерінде уақытша тіркелу анықтамалары, ордерлері болған. Әкімдік қоныстануға рұқсат еткен кезінде. Әкімдікке тиісті қағаздарды реттейік деп барғанда, ондағылар бар құжаттарды жоғалтып алыпты.

Енді мән-жайды құзырлы орган өкілдері анықтайды. Белгілісі, дәл осындай тығырыққа тіреліп отырған 220 қарағандылық отбасы наразылығын танытпай қоймайды. Ашынған халық бас көтере бастады.

Парламент отырысының жалпы отырысында депутат Мұхтар Тінекеев дауға үкімет араласпаса болмас деген көзқарасын білдірді. Жекеменшікке қатысты заң жобасын қайта қарастырған жөн, деді ол. Әсіресе, тұрғын үй қорын сақтау бөлігін қайта қарастыруға шақырды.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бұл әкімдіктің кінәсі. Олар тұрғын үйлерді бірден мемлекет меншігіне аударуы қажет еді. Неліктен заңда иесіз қалған үйде 5-7 жыл тұрып жатқандарға сол баспананы жекешелендіру тетігі жоқ?!

Любовь Коваленко, Шахтинск қаласының тұрғыны:

Заңда 189-ші бап бар. Онда "мүлік қожайыны мүліктің күтімін екінші тараптың келісімінсіз тапсыра алмайды" деп жазылған. Алайда, бұл баптың кім үшін жазылғаны белгісіз.

Сот актілерін орындау департаментіндегілер болса, сот үкіміне қарсы шыға алмаймыз деп отыр.

Рахмет Базылов, Қарағанды облысы Сот актілерін орындау департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы:

Сот шешімдері аудандық бірінші инстанцияда, екінші инстанцияда апелляциялық алқасында, кассациялық алқасында күшінде қалдырылған. Бұл жердегі бастаманы бастап отырған борышкеріміз Любовь Коваленко азаматшаның көтеріп отырған дау-дамайы. Ол кісіге сот қаулысы бойынша үйден шығару мерзімін ұзарту туралы да оған рұқсат берілмеген сот шешімімен. Егер соттың шешімімен сондай тұрғыдағы пәтер болмаса, ол үйден босатып, басқа үй іздейді.

Жалпы, дәл осындай жағдайда қалып, жаңа пәтер немесе өқтемақыға қол жеткізгендер саны саусақпен санарлық. Дегенмен, облыс әкімдігі жақын уақытта көмек қолын созамыз деп уәде етті.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА