$510.58 €571.8 ₽6.34
×

ЭКСКЛЮЗИВ: Атырауда алпауыт мұнай компанияларынан мәжбүрлі түрде өтемақы өндірілмек

AstanaTV
19.06.2014ж. 10:00
1673
ЭКСКЛЮЗИВ: Атырауда алпауыт мұнай компанияларынан мәжбүрлі түрде өтемақы өндірілмек

Атырау облыстық экология департаменті «Аджип» және NCOC компанияларынан мәжбүрлі түрде айыппұл өндіріп алатын болды. Бұл туралы өңірдің бас экологы Ербол Қуанов «Астана» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Айтуынша, департаменттің жүргізген тексерісі заңды. Сондықтан, аталмыш екі оператор жоғары инстанцияларға қанша арызданғанымен, айыппұл төлеуден қашып құтыла алмайды.

Еске салсақ, облыстық экология департаменті «Болашақ» зауыты ауданындағы газ құбырында технологиялық ақаулар орын алған кезеңде жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде «Аджип» пен NCOC компанияларына қарасты қайта өңдеу кешендерінде қышқыл газды жағу салдарынан қоршаған ортаға орасан залал келтірілгені анықталған. Мұны өтеу туралы алпауыт компанияларға шағым жолданды. Айыппұл көлемі 134 млрд теңгеден асады.

Қашаған жобасының екі операторы да бұл тексеру қорытындыларымен келіспей, Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа шағымданған. Алайда жеңіліс тауып, апелляциялық сотқа тағы да шағым түсірді. Бұл сот та алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Ербол Қуанов
, Атырау облыстық экология департаментінің басшысы:

Күні бүгін ол компаниялар төлеуден бас тартып отыр. Оған қарамастан олар әлі де жоғары соттың сатыларына шағым беруге құқығы бар. Бірақ
, біз оған қарамастан мәжбүрлі өндіру жөнінде Атырау облыстық экономикалық ауданаралық сотына талап-арыз жолдайтын боламыз. Ол талап-арыз қанағаттандырылған жағдайда 134 миллиард теңге қоршаған ортаға келтірілген зиянды біз мәжбүрлі түрде өндіріп алатын боламыз.

Еліміздің бюджет кодексінің талаптарына сәйкес қоршаған ортаға келтірілген зиян соммасы және әкімшілік айыппұл ұлттық қорға түседі, дейді Ербол Қуанов. Алайда, компанияларда алдын ала экологиялық рұқсат құжаттары болмағандықтан, айыппұл көлемінің 10 миллиардтан астам теңгесі Атырау облысының бюджетінде қалмақ. Айтуынша, бүгінде мұнайлы өңірде қоршаған ортаны аяусыз ластап жатқан компаниялардың қатарында осы екі оператормен қатар «Теңіз Шевройл» компаниясы да бар.

Ербол Қуанов
, Атырау облыстық экология департаментінің басшысы:

Күні бүгін негізі, мұнай компаниялары бізбен көбінесе соттасып, келіспейтін шағым жазатын бұл
«Теңіз Шевройл» компаниясы және осы «Аджип» пен NCOC компаниясы. Қалған компаниялар келтірілген зиянды мойындап, төлеп жатыр.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА