Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында визалық тәртіп жойылады. Корея
Республикасының президенті Пак Кын Хенің мемлекеттік сапары аясында осындай
келісімге қол қойылды. Еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов кореялық әріптесі Юн Бён Семен аталмыш құжатты бекітті. Бұдан былай Қазақстан
мен Корея азаматтары бір айға дейін бір біріне визасыз сапарлайды.
Сондай-ақ екі ел басшысы «жасыл қалашық» құру уағдаластығына қол жеткізді. «Мұнай
энергетикасы дәуірінің тәмамдалуына дайындала отырып, энергия тиімділігін
арттыруды көздедік.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстардың мемлекеттік
ақпараттық жүйесін, «жасыл қалашық» құру сынды жобаларды алға жылжытуға
уағдаластық», - деді Корея президенті. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
оңтүстіккореялық компанияларды «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне белсенді
қатысуға шақырды. Жалпы екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі жанданадады
деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр екі елдің тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Бірақ
мүмкіншілікті толық пайдаландық деп айтуға болмайды. Қазақстанда Кореялық
капиталдың қатынасымен 300-ден артық мекеме бүгін жұмыс істейді. Біз олардың
жұмысына жан-жақты қолдау көрсетеміз деп ойлаймыз.
Ал Корея президенті осы сапарына айрықша мән беретінін жеткізді.
Оның атап өтуінше, Еуразия аймағында негізгі рөл ойнайтын Қазақстан
экономикалық ынтымақтастықта маңызды серіктес болып саналады.
Пак Кын Хе, Корея республикасының президенті:
Бүгін біз 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған сәттен бастап
барлық салада жүйелі дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастарды жаңа, тиімді
және болашаққа межеленген деңгейге алып шығуға уағдаластық. Осының арқасында
қарым-қатынастарымыздың даму бағыты мен
түрлі саладағы ынтымақтастықтың нақты шаралары айқындалады, екі елдің өзара
ықпалдастығының даму үдерісінде «нұсқаулық» рөл атқарады деп сенемін.
Ләйлә
ҚАЗИЯҚПАРОВА