Ақтөбеде 111 жылдық тарихы бар мешіт
қайта жөнделіп, қасиетті жұма күні салтанатты түрде ашылды. Айтулы шараға бас
мүфти Ержан қажы Майемеров келді. Сонымен қатар, Ресей мен Өзбекстаннан да
бірқатар қонақтар келген.
Мешіт өткен ғасырдың басында, яғни, 1903
жылы ашылған. Кеңес Одағы тұсында Алла үйінің
біраз уақытқа жабылғанына қарамастан, тәуелсіздік алған күннен бастап қайта
жамағатты қабылдай бастады.
3 жыл бұрын қолға алынған жөндеу жұмыстарына 700
млн теңге қаражат жұмсалған. Мешіттің ескі ғимаратына қосымша ретінде құлшылық
ету бөлмесі, қонақ үй, медресе мен діни қызметкерлерге жатын орын салынған.
300-адамдық мешіт ендігі жерде 3 мың адам сиятындай етіп қайта жаңартылды.
Жобаның авторы - татарстандық Айвар Саттаров.
Ержан Маямеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:
Біссімиллаһ рахман раһим! Бүгін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн.
Өйткені, 111 жылдық тарихы бар мешіт қайтадан жөнделіп, кеңейтіліп, бүгінгі
таңда халықтың игілігіне беріліп отыр.
Жұма намазына дейін Алла үйінде «Діни
ағартушылық - экстремизмнің алдын алу факторы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Ресей, Қазақстан және Өзбекстаннан бас қосқан
ислам ғалымдары мен теологтар дінтану тереңдігі мен лаңкестікті болдырмау
жолдарын талқылады.
Досай Кенжетаев, теология және философия ғылымдарының докторы:
Біздің жастарымыздың осы дәстүрге негізделмеген, бұрынғы мұсылмандық түсінігімізге
сай емес, ағымдарға кетіп қалуының басты себептері бар. Оның әлеуметтік қырлары бар. Экономикалық, психикалық айтайық. Жастарымызда кәсіп жоқ.
Жастарымызда жұмыс жоқ.
Мансұр ЕСҚОЖИН