Теннистен Ұлыбритания ашық чемпионаты басталды. Екі апта
бойы әлемнің үздік спортшылары өзара сынға түсіп, мықтыны анықтайды. Қазақстан
теннисшілері арасынан тек Андрей Голубев сүрінді. Қалғандары әзірге қатарда.
Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады.
Жеребеге сәйкес Қазақстан теннисшісі Андрей Голубев бірінші
айналымда Сербия спортшысы Новак Джоковичке тап болды. Әлем рейтингінде екінші
сатыда тұрған сербиялық отандасымыздың бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. Бірінші
сетте 6-0 есебімен алға шыққан Джокович үзілістен кейінде ұпай санын арттырды.
Шамасы бір геймге ғана жеткен Голубев екінші сетте 6-1 есебімен ұтылды. Соңғы
сетте бірте-бірте өзіне келе бастаған қазақстандық спортшы есепті қысқарту үшін
аянып қалмады. Дегенмен, қарқыны мықты әлемнің екінші ракеткасы қарсыласының
ойлағанын іске асырмай, келесі айналымға жолдама алды.
Әйелдер жарысында Қытай спортшысы На Ли екінші айналымға
шықты. Тұсау кесер ойында Польша теннисшісі Паула Каниямен кортқа шыққан Аспан асты елінің өкілі екі сетте 7:5, 6:2 есебімен басым түсті. Бүгін жарыс жолына
қазақстандық спортшылар Зарина Дияс пен Ярослава Шведова шығады. Дияс Франция
спортшысы Кристина Младеновичпен сынға түсетін болса, Шведова Чехия теннисшісі
Кристина Плишкоаны сынақтан өткізеді.
Самат ҚАНАҒАТОВ