Алматыдағы хайуанаттар бағында
ветеринарлық қызметтің жұмысы әлсіз. Онда бас мал дәрігері деген қызмет орны
бос қалған. Жануарларды емдейтін препараттардың жоқтығы жағдайды мүлде
ушықтырды.
«Нұр Отан» партиясының Алматы
қалалық филиалында өткен жиында осы мәселелер айтылды. Партия жанындағы
қоғамдық кеңес мүшелері зообақ аумағында бірнеше айдан бері тексеру жүргізген.
Нәтижесінде, ветеринарияның ақсап тұрғаны, зообақ жетекшілері мен ондағы
жұмысшылардың біліксіздігі хайуанаттардың күтіміне кері әсер еткені анықталды.
Инфрақұрылымдар мен аңдар тұратын қоршаулар ескірген. Сондай-ақ мамандарды
сұрыптау саясаты да жолға қойылмаған,- дейді партия өкілдері. Өткен жылы 7 ай
ішінде 62 қызметкер жұмыстан шығарылған. Бүгінгі қоғамдық кеңес тыңдауында
қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты да деректер келтірілді.
Станислав Канкуров, «Нұр Отан»
партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
Өткен жылы демеушілер есебінен
225 млн теңге жиналған. Оның 70 млн теңгесі жұмсалды. Қалғаны шетел
валютасына ауыстырылып, депозитке орналастырылған. Ал хайуанаттар бағы мен
әлеуметтік көмек көрсету үшін құрылған жеке қор арасындағы байланыстар заңдық
тұрғыда реттелмеген. Сол себепті зообақ аумағында жұмыс жүйесіз деп ойлаймыз.
Кеңес отырысына қатысқан Алматы
хайуанаттар бағының директоры кемшіліктерді мойындады. Өткен жылы қазан айында
қызметке тағайындалған ол жағдайды реттеуге күш салып жатқанын айтты. Ал
жұмыстан 60-қа жуық қызметкер босатылғанын растады. Бас мал дәрігерінің болмауы -
жалақының мардымсыздығынан дейді. Айта кету керек, жақында Алматы хайуанаттар
бағы мәдениет басқармасынан алынып, ауыл шаруашылық және ветеринарлық
басқармасына берілген.