$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкімет қызметін дамыту рейтингінде 10 позицияға ілгеріледі

AstanaTV
26.06.2014ж. 20:00
2256
Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкімет қызметін дамыту рейтингінде 10 позицияға ілгеріледі

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкімет қызметін дамыту рейтингінде 10 позицияға ілгеріледі. 193 мемлекет арасында 38-орыннан 28-орынға табан тіреді. Республикамызда жаңа электрондық қызмет түрлері де пайда болуда. Оның бірі - электрондық лицензиялау қызметі. Бүгінде жаңашылдықтың жемісін көріп жатқандар да бар. 

Электрондық үкімет қызметі бүгінде қазақстандықтардың күнделікті қолданысында. Виктория Рей Астанадағы жеке кәсіпорындардың бірінде қызмет етеді. Негізгі жұмысы - шетелден арнайы жабдықтарға тапсырыс беру және лицензия алу. «Құжат толтыру операциялары бұрын толықтай қағаз түрінде рәсімделетін. Ал қазір бәрі электронды парақшада толтырылады», - дейді.

Виктория Рей, кәсіпкер:

Бюрократия заманы артта қалды. Осы электронды лицензиялау сайтының арқасында кез-келген уақытта электронды цифрлы қолтаңбамызды пайдаланып, тапсырыс беріп, лицензиямызды растау мүмкіндігіне ие болдық. Өте қолайлы, уақытты да үнемдейді.

Жалпы электрондық жүйенің даму индексі адами капиталдың өсуі мен телекоммуникациялар, инфрақұрылымның және онлайн қызметтің көрсеткіштерімен бағаланады. Бүгінде қазақстандықтардың компьютерлік біліктілігі 63,2 пайызды құрайды. Ал республикадағы ғаламторға қол жетімділік 67,6 пайызға тең. Қазіргі таңда жұртшылық 570-ке жуық электронды қызмет түрін тұтынуда. Жалпы 2013 жылы e-government порталы арқылы 38 миллион электрондық қызмет көрсетілген. Ал биылғы жылдың басынан бері электронды 22,8 миллион қызмет түрі көрсетіліп үлгерілген.

Гүлнар Құрбанбаева, Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Қазақстанда электронды қызмет түрлері жылдан жылға дамып келеді. Оның пайдасы да зор. Бүгінде кез-келген құжаттарды алу немесе рәсімдеу үшін мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырудың  қажеті жоқ. Компьютерді қосып, керекті сайтқа кіріп, біренеше түймені бассаңыз болғаны. Жауабын лезде ала аласыз.

Елдегі электрондық үкімет қызметінің қызу қарқынды дамып келе жатқандығының арқасында, биыл Астанада «Электрондық үкімет - 2014 ғаламдық форумын» өткізу мүмкіндігі туды. Жалпы бұндай форум алғаш рет Оңтүстік Кореяда 2012 жылы өткізілген болатын. Айта кетейік, бұл ел электронды үкімет қызметі бойынша рейтингтің лидері болып табылады.

Жұрағат БАМАН