$513 €541.16 ₽4.69
×

Атырауда 50 адамды алдап соққан алаяқ 5 жылға сотталды

AstanaTV
27.06.2014ж. 10:00
1522
Атырауда 50 адамды алдап соққан алаяқ 5 жылға сотталды

Атырауда 50 адамды алдап соққан алаяққа қатысты сот үкімі шықты. Мақат ауданының 33 жасар азаматы облыс тұрғындарын ірі мұнай кәсіпорындарына жұмысқа кіргіземін деп, ірі көлемде ақша алып отырған.

Гүлнәр Дәулешова, Атырау қалалық №2 сотының судьясы:

Сот үкім етті: Дәурен Мәженов 377 бабтың «в» тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өзіне тиесілі жеке дүние мүлкі тәркілене отырып, 5 жыл мерзімге жалпы түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу тағайындалды.

«Қайнармұнай» өндірістік кәсіпорнында қоршаған ортаны қорғау маманы қызметін атқарған азамат жұмыссыз жүргендерді мол жалақылы жұмысқа орналастырамын деп қызықтырған. Әрі зейнетке шыққанша алаңсыз қызмет ететіндігіне уәде етіпті. Егер аз күнде сұраған қаржыны әкелмесе, орнына өзге жұмыссыздың табылатынын айтып асықтырған.

Сөйтіп, қармаққа ілінгендерден 300 мың теңгеден бастап 1 млн теңгеге дейін қалтаға басыпты. «Іс бітті, қу кеттінің» кебін кигізіп, 1 жылға жетпейтін уақытта 50 адамды тақырға отырғызған. Сөйтіп, 30 млн теңгеге жуық қаржыны оңай олжалаған алаяқтың дәурені ұзаққа созылмады. Ол 5 жыл түрмеге тоғытылып, дүние мүлкі тәркіленді. Жәбірленушілерден алған қаржысын қайтарады. Прокурорлардың айтуынша, алаяқтық фактісі бойынша сотталғандар аймақта екі есеге артып отыр.

Серік Жанабаев, Атырау қалалық прокуратурасының бөлім бастығы:

Атырау қаласының аумағында осы жылдың бірінші жартысында алаяқтық қылмыстардың өскендігі байқалады. Қылмыстың тіркелуі 19,7
%-ға өскен. Ал сотталғандар, былтыр 38 болса, биыл 63 адам сотталды. Яғни, екі есеге артты деуге болады. Негізінен, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй, жер, несие автокөлік алу бойынша алданады.

Базаргүл ІЗІМОВА