Астана бүгін қала тіршілігіне еңбек
сіңіріп жүрген үздік маман иелерін таңдады. «Астана таңдауы» биыл 7 аталым бойынша
жеңімпаздарды анықтады.
Үздік мұғалім, дәрігер, жол жөндеуші,
полиция инспекторы, энергетик, құрылысшы және қоғамдық көлік жүргізушісі. Бір
сөзбен айтқанда, қоғамдық маңызды қызмет түрлерінің кіл мықтылары биыл да жыл
сайынғы дәстүрмен қала күні қарсаңында марапатқа ие болды. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, биыл
байқауға қатысушылармен қатар сайысқа қазылық етуші қарапайым халықтың
арасындағы азаматтық белсенділік те артқан.
Иманғали
Тасмағамбетов, Астана
қаласының
әкімі:
Биыл 195 үміткер, ал дауыс берген адамдардың саны 160 мың
адамнан астам. Көріп отырсыздар ғой, екі есеге артып отыр. Қалай болғанда да, еңбегің бағаланып жатса, көзге көрініп
жатса, оны
халық ризашылығымен қабылдап жатса, бұдан артық қандай бақыт? Солай емес пе?
Қала әкімдігінің айтуынша, іс-шара бірінші
кезекте ел тіршілігіне қажетті мамандық түрлерін насихаттауға бағытталған. Өзінің құттықтау сөзінде шаһар басшысы қазіргі таңда
экономист, заңгерлердің көптігін атап өтті, есесіне техникалық мамандық
иелерінің тапшылығы өткір тұр. Сондай-ақ, қала әкімі болашақта
бұл байқаудың мәртебесі бұдан да арта түсеріне сенім білдірді. Биыл барлық мамандықтарды
тәрбиелеуші «Үздік ұстаз» жоғары мәртебесіне Майра Құрманбаева ие болды.
Майра Құрманбаева, «Үздік мұғалім» аталымының жеңімпазы:
Мен үздік мұғалім номинациясы бойынша 28 мың дауыс маған берілген болса,
мен оны мұғалім деген мәртебелі мамандыққа берілген дауыс деп білемін. Себебі,
халықтың арасында мұғалім мамандығы бүкіл мамандықтың анасы деген қанатты сөз
бар.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ