$513 €541.16 ₽4.69
×

Қостанайда мектепке іргелес салынған ғимараттан қауіп көп

AstanaTV
30.06.2014ж. 10:00
1978
Қостанайда мектепке іргелес салынған ғимараттан қауіп көп

Қостанай әкімдігі тұрғындарға қауіп төндіріп тұрған ғимарат иесімен соттаспақ. Тұрғын үйлер мен мектептен бар-жоғы бірнеше метр қашықтықта орналасқан ескі нысан жартылай құлап, қаңырап қалған. Бүгінге күл-қоқыс тастайтын жерге айналып, қаңғыбастардың бас қосатын мекені болып тұр. Ескі құрылысты бұзып тастауға жергілікті билік қауқарсыз, өйткені оның иесі бар, тіпті, банкке кепілдікке қойған.

Мына үйінділер Қостанайға қарасты Киевский ауылының балалары үшін «қорқыныш аттракционы» секілді. Оның үстіне мектептен 5 метр ғана қашықтықта тұр. Қараусыз қалған ескі құрылысқа жақындау, адам өмірі үшін қауіпті екендігін біле тұра, ойын баласын аластау мүмкін емес, - дейді мектеп басшылығы.

Марина Горденко, №13 мектеп мұғалімі:

Өте үлкен қауіп тудырады. Өйткені оқушылар көктем мен күз мезгілінде сабақ арасындағы үзілісте сол жерде жасырынбақ ойнайды. Тіпті, төбесіне де шығып кетеді. Біз, шатыры құлап кетіп, біреуді жаншып тастайды ма деп, зәреміз қалмайды.

Кирилл Ежов, №13 мектептің 4-сынып оқушысы:

Қасына жақындауға қорқамыз. Бұл жерде мас адамдар көп жүреді.

Жерлігікті халықтың айтуынша, ертеректе бұл жерде қойма болған. Кейін дәмхана, сосын тұшпара жасайтын цех болыпты. 2010-жылдан бастап ғимарат қараусыз қалған. Қазір қоқыс тастайтын, қаңғыбастар паналайтын жер.

Құдай сақтасын, ойлаудың өзі қорқынышты. Дәл қасында мектеп тұр. Балалар ойнайды. Сүріп тастамай ма? Оқыс оқиғаның болғанын күтіп жүрген болар.

Бұл жер өте қауіпті. 2 рет өрт шықты. Абырой болғанда өрт сөндірушілер уақытында келіп, аман қалдық. Бір амалын тауып алып тастау керек.

Ескі ғимараттың бүгінде тек төрт қабырғасы ғана қалған. Қалғандарын құрылысқа қажет деп, бөлшектеп әкеткен. Жергілікті мәслихат депутаты да оның аяқ астында құлауы мүмкін, деп қауіптенеді.

Игорь
Бибин, Қостанай қалалық мәслихатының депутаты:

Осы ғимараттың аумағы арқылы газ құбыры өтеді. Егер нысан құласа құбырдың тесілуі әбден мүмкін. Ал көгілдір отынға шырт еткен ұшқын болса болды жарылыс орын алады.

Шенеуніктер мен депутаттар апатты ғимаратты ысырып тастау мәселесін 4 жылдан бері көтеріп келеді. Бірақ заң жүзінде қолдары байлаулы. Өйткені ауыл ортасындағы қираған үйіндінің иесі бар. Ол - Степногорскіде тергеуші болып істейтін Азамат Закирянов. Былтыр әкімдік ескі нысанды иесіз мүлік деп, сүріп тастамақ болған. Бірақ, нәтиже болмапты.

Самат
Жангелдин, Қостанай қаласы әкімдігінің бас инспекторы:

Өткен жылы Қостанай қалалық сотына әкімдік тарапынан ғимаратты иесіз деп тану туралы арыз берілген болатын. Бірақ, сот бұл арызымызды қанағаттандырмай тастады.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, 4 қабырғасы қалған ескі ғимарат банкте кепілдікте тұр. Соның есебінен иесі 9 млн теңге несие алған көрінеді. Бірақ қарызын қайтармағалы да бірнеше жыл болған. Осыдан бір ай бұрын жергілікті билік сотқа тағы бір мәрте арызданып, меншіктік құқын жою туралы өтініш білдіріпті. Мәселе енді 14-шілдеде өтетін сот отырысында қаралады.

Мансұр ЕСҚОЖИН