Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қарағандыда «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының 4 бөлімінің декорациясы жасалады

AstanaTV
30.06.2014ж. 20:00
1302
Қарағандыда «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының 4 бөлімінің декорациясы жасалады

Қарағандыға келген адам кеңес одағы кезеңінде жүргендей күй кешпек. Кеншілер астанасындағы көшелер бір кездегі одақтас мемлекеттердің елтаңбаларына, қызыл түсті жалауларға оранады. Бұл «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының 4 бөлімінің декорациясы үшін жасалады. «Партком хатшысы» деп аталатын бөлікте Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртау мен Қарағандыда өткен 70-80-інші жылдардағы өмір жолы бейнеленеді. Бұл кезеңде елбасы металлургия комбинаты мен Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған.

Продюсерлер бұл фильм Астана күніне тамаша сый, жарқын әрі қызықты дүние болады деп отыр. Түсірілім барысындағы қиындық - бүгінгі қала көркінің кешегі кеңес кезеңіне сәйкес келмеуі. Шынымен қапталған көп қабатты ғимараттар мен ауа баптағыштар ол кезеңге мүлдем жанаспайды. Алайда бұл меселені суретшілер шешпек. Туындыда оқиға желісі басты кейіпкер «болаттың қалай шыңдалғаны», достар мен кеңестік тіршілік жайындағы естеліктер негізінде жазылған.

Жарқын көріністің бірі футбол ойынымен байланысты. Жаппай көрініске қарағандылық әртістер мен қарапайым қала тұрғындары жұмылдырылады. Кей эпизодтарға көрші Ресейден әртістер тартылады. Басты рөлдерді Нұрлан Әлімжан мен Мәдина Исманова сомдайды. Көпшілік туындыны 1 желтоқсанда тамашалайды деп күтілуде.

Арман Асенов, «Көшбасшы жолы» кинофильмінің продюсері:

Біз Қарағанды мен Теміртауда бір ай көлемінде түсірілім жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз. Одан кейінгі жоспарда Алматы. Ол жерде Түрксіб құрылысы естеліктерінің көріністерін түсіреміз. Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі сол құрылысқа тікелей атсалысқан.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ