$513 €541.16 ₽4.69
×

Өскеменде түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген бүлдіршіннің ата-анасы іздестіріліп жатыр

AstanaTV
30.06.2014ж. 20:00
981
Өскеменде түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген бүлдіршіннің ата-анасы іздестіріліп жатыр

Өскеменде түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген бүлдіршіннің ата-анасы мен өзге де жақын-жуығы іздестіріліп жатыр. Нәрестені ауруханаға әкелген әйел өзін оның туысымын деп таныстырған. Ол дәрігерлерге "бала төсектен құлап кетіп, қатты жарақат алды" дейді. Соңынан өзі жайлы жалған ақпарат қалдырып, қашып кеткені анықталды.

Серік Қизаттулин, Шығыс Қазақстан облысы Ана мен бала орталығы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

Баланың басына, желке тұсына зақым келген. Иық сүйегі сынған. Қазір дәрігерлер оған көмек көрсетіп жатыр.

Дәрігерлер баланың өмірін аман алып қалу үшін барын салған. Тек олар осы уақытқа дейін науқас сәбидің артынан іздеу салып ешкімнің келмегеніне алаңдайды.

Қолдағы бар ақпарат бойынша, бала 1 жастан 8 ай асқан. Есімі - Ілияс. Ал балдырғанды ауруханаға әкелген туысы берген басқа мәліметтер жалған болып шықты. Ол көрсеткен мекенжайда бөтен адамдардың тұратыны анықталған. Құқық қорғау қызметкерлері сәбидің денсаулығына зиян келтірді деген баппен қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталып кетті.

Бақытжан Торғаев, Шығыс Қазақстан облысы ІІД ақпараттық бөлім басшысы:

Ол баланың төсектен құлағанына сенбей отырмыз. Туыстарын, ата-анасын іздеп жатырмыз. Егер дене жарақатын біреудің салғаны анықталса, ол тұлғалар заң алдында жауап беретін болады.

Қанат ОРАЛБЕК