Атырауда мемлекет ақшасын ысырап қылу
күдігіне іліккен спорт кешенінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. «Мұнайшы»
спорт кешенінің директоры мекемеде қызмет етпеген 8 азаматқа бір жылдан астам
уақыт бойында заңсыз еңбекақы аударған. Енді ол «сеніп тапсырылған бөтеннің
мүлкін иелену немесе ысырап қылу» бабы бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан
айырылуы мүмкін.
Динара Құрымбаева, Атырау облысы бойынша ЭҚСЖҚКД баспасөз
хатшысының міндетін атқарушы:
ҚР ҚК 176-бабының 3-бөлімінің «б, г» тармақтарына сәйкес «Мұнайшы спорт
кешені» КМҚК директоры азамат К.-ге қатысты қылмыстық іс қозғады. Ол 2013 жылғы
3 қаңтар айынан бастап 2014 жылғы 31 наурыз айы аралығында аталған мекемеде іс
жүзінде қызмет атқармаған 8 азаматқа заңсыз еңбекақы аударып, өзіне сеніп
тапсырылған жалпы сомасы 3,2 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты ысырап
етті деп күдіктелуде.
Айта кетейік, «Мұнайшы» спорт кешеніне қатысты бұл алғашқы
былық емес. Жыл басында табиғат қорғау прокурорлары, аталған спорт кешенінің
ені - 20, ұзындығы - 200 метр аумағы өзгеге заңсыз
өткендігін анықтаған. Ол жер 2006-жылы сол кездегі қала әкімінің шешімімен,
«Атырау МультиСервис ЛТД» ЖШС-не спорттық-ойын-сауық кешені
құрылысын салу үшін берілген. Бірақ, осы уақытқа дейін бірде бір қазық
қағылмаған.
Базаргүл ІЗІМОВА