$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Теннистен Ұлыбритания ашық чемпионаты жалғасуда

AstanaTV
03.07.2014ж. 20:00
1259
Теннистен Ұлыбритания ашық чемпионаты жалғасуда

Теннистен Ұлыбритания ашық чемпионаты жалғасуда. Ерлер және әйелдер жарысында жартылай финалға шыққан спортшылар белгілі болды. Ерлер бәсекесінде фавориттер үздік шықса, әйелдер жарысында Чехия теннисшілері қарсыласқа шақ келтірер емес.

«Ролан Гаррос» турнирінің финалында ұтылып қалған сербиялық Новак Джокович енді «Уимблдон» жарысының бас жүлдесі үшін бағын сынап көреді. Жуырда әлемнің екінші ракеткасы жартылай финалға сүрінбей өтті. Дегенмен, ширек финал Джокович үшін оңай болған жоқ. Бұл сында Хорватия спортшысы Марин Чиличпен ракетка түйістірген Сербия теннисшісі тек бес сет қортындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алды.

Келесі ойында швейцариялық спортшылар Роджер Федерер мен Станислас Вавринка өзара мықтыны анықтады. Бірінші сетте сауатты ойнаған Вавринка 6:3 есебімен басым түсті. Десе де, жеңіске ерте сенді ме, әлде ескі жарақаты сыр берді ме, қалған уақытта кортта сылбыр қимылдаған Станислас Вавринка қатарынан үш сетте ұтылып, жартылай финал жолдамасынан құр қалды.

Әйелдер жарысында Чехия спортшылары үздік шықты. Бұл сында қарсыласының алдын орап кеткен Люция Шафаржова мен Петра Квитова енді ақтық сын жолдамасын сарапқа салады. Келесі жекпе-жекте Канада спортшысы Эжени Бушар Румыния спортшысы Симона Халепті сынақтан өткізеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ