Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қарағандылық мұғалімдер ата-аналармен тікелей қарым-қатынас құралын тапты

AstanaTV
06.01.2016ж. 20:00
1682
Қарағандылық мұғалімдер ата-аналармен тікелей қарым-қатынас құралын тапты

Қарағандылық мұғалімдер ата-аналармен тікелей қарым-қатынас жасайтын мобильді қосымша жасап шығарды. Жаңа білім бағдарламасы жұмыс басты ересектерге кәдімгі смартфон экрандары арқылы баласының мектептегі өмірімен толық танысып, оның іс-әрекетін бақылауға мүмкіндік береді.

Қосымшаның арнайы парақшаларынан ата-ана баласының ағымдық және тоқсандық бағаларын, әр пән бойынша өткен тақырыптар мен үй тапсырмаларын, сабақ кестесін көріп қана қоймай, жіберген сабақтарын да біле алады. Оқушы қандай бір тәртіпсіздік жасаса, ұстаздың электрондық ескерту хаты ата-анасына 10-ақ минутта келіп жетеді. Тұрғындар сынып жиналыстары мен мектепішілік шараларға да смс арқылы шақырылмақ.

Қосымшаны телефонға жүктеп алу жеткілікті. Бұл оқушыны қадағалап, тәртібі мен оқу үлгерімін жақсартуға мүмкіндік бермек. Тұсауы бүгін кесілген қазақстандық бірегей қосымша әзір облыстың 8 мектебінде жүзеге асырылса, жыл соңына дейін барлық білім мекемелерінде іске қосылмақ.

Руслан Сүлейменов, Қарағанды облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары:

Қосымшаны 2 жарым ай дайындадық. Өйткені педагогтармен бірге ата-аналардың да қажеттілігі ескерілді. Ғаламтордан ұялы телефонға жүктеп алып, пайдалана беруге әбден болады.

Кенжебек Мүкенов, ата-ана:

Өте қолайлы деп есептеймін. Өйткені бүгінгі күнге дейін тек бағаны ғана біліп отырсақ, енді баланың қайда жүргенін, қай уақытта мектепте болғанын, қай уақытта шыққанын, не істеп жүргенін түгел тексере аламыз.

Айжан ҚУАШ