Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Оралда автокөліктерге арналған газ мөлшері екі есеге көбейтілді

AstanaTV
06.01.2016ж. 20:00
1869
Оралда автокөліктерге арналған газ мөлшері екі есеге көбейтілді

Батыс Қазақстан облысында автокөліктерге арналған газ мөлшері осы айда екі есеге көбейтілді. Өңірге 2 мың тонна сұйылтылған газ жеткізілмек. Қазір газ құю стансаларындағы ұзын-сонар кезек те азайған. Мамандар алдағы уақытта да осы мөлшер сақталады деп үміттенеді. Бүгінде литрі 40 теңгеден сатылатын газдың құны бензиннен үш еседей арзан. Дегенмен, облыстағы автокөліктерді толықтай қамту үшін мұның өзі аздық етеді, - дейді жергілікті билік өкілдері.

Бауыржан Талдықбаев, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

Бізге бөлінген 2 мың тоннаның өзі аздық етеді. Өткен желтоқсан айында облыста газбен жүретін 3 жарым мың автокөлік тіркелді. Егер тіркелмеген көліктердің саны бұдан да көп екендігін ескерсек, облысқа кемінде 8-10 мың тонна сұйылтылған газ керек. Сонда ғана осы мәселені шешуге болады.

Естеріңізге сала кетелік, Оралда былтырдан бері газ тапшылығы байқалып отыр. Облыс әкімдігінде бас қосқан сала мамандары мұны газбен жүретін көліктердің көптігімен түсіндіреді. Оған қоса газға көшкен көлік иелері құжаттарын ауыстырмаған. Демек, сұйтылған газбен жүретін көліктердің нақты есебі жоқ. Сондықтан мамандар жүргізушілерге көліктерін уақытылы тіркетуді сұрап отыр. Бұл олардың қауіпсіздігі үшін де маңызды. Өйткені газ - тез жарылатын отын түрі екенін ескертеді. 

Еркін КАРИН