«Бек
Эйр» рейстері тоқтатылмайды. Яғни Қазақстанда IOSA сертификаты жоқ әуе
компанияларының жұмысына әзірге шектеу қойылмайды. Бұл туралы Инвестициялар
және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ал бұған дейін сертификаты
жоқ компаниялардың рейстерін өзге әуе компаниялары орындауы мүмкін деген
мәлімдеме таратқан болатын. Бүгін белгілі болғандай, министрліктің құзырлы комитеті авиациялық
қызмет пен кәсіпкерлік туралы заңдарын жетілдіруді қолға алған. Ал азаматтық
авиация комитетінің бірінші қаңтардан бірнеше әуе компаниясының қызметін
тоқтату туралы шешімі жоғарыда аталған заңдарға қайшы болып шықты.
Біз
бұған дейін де хабарлағандай, «Бек Эйр» компаниясы IOSA сертификатына әлі де
қарсы. Мұндай рұқсат қағазы әзірге тек «Эйр Астана» мен «Скат» компанияларында
бар. «Qazaq Air»-ға екі жыл көлемінде сертификатсыз қызмет ету жеңілдігі
берілген. Осылайша IOSA сертификатын алмаған тасымалдаушылардың тізімінде «Бек
Эйр», «Жезқазған Эйр» және «Жетісу» әуе компаниялары көрсетілген. Алайда,
министрліктің бүгін таратқан хабарламасында облыс ішінде ғана әуе тасымалын
жасайтын «Жезқазған Эйрге» сертификат
алу міндетті емес делінген.
Еске
салсақ, күні кеше «Бек Эйр» компаниясы ішкі тасымалдаушыларға IOSA сертификатын
мүлдем алып тастауды немесе барлығына бірдей енгізуді ұсынған еді. Оларды
қолдаған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қаңтардың 12-сінде тараптардың басын
қосып, жиын өткізбек.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ