Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қазақстандағы шетелдік инвесторлардың дауларына Жоғарғы соттың жеті бірдей судьясы төрелік етеді

AstanaTV
07.01.2016ж. 20:00
2008
Қазақстандағы шетелдік инвесторлардың дауларына Жоғарғы соттың жеті бірдей судьясы төрелік етеді

Қазақстандағы шетелдік инвесторлардың дауларына Жоғарғы соттың жеті бірдей судьясы төрелік етеді. Бұл туралы біздің арнамызға елде жаңадан құрылған мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева мәлімдеді. Бұндай істерді тәжірибесі мол, халықаралық құқық бойынша білімі бар судьялар қарайды.

Айгүл Қыдырбаеваның айтуынша, Жоғарғы сот шетелдік бизнесмендердің тек инвестицияларға қатысты дауларын реттейді.  Яғни жаңа сот алқасы шетелдік компания мен мемлекеттік органдар арасындағы дауды ғана шешеді. Ал инвестордың өзге құқықтық мәселелері аудандық соттар деңгейінде қаралады. Енді шетелдік іскерлерге сотқа шағымдану үшін қағаз толтыру қажеттігі жоқ. Жоғарғы сот шағымдарды онлайн режимде қабылдайды. Шағымдардың бірден соттың жоғарғы инстанциясында қаралуы ел тарихындағы алғаш рет. Мамандандырылған сот алқасының төрайымы жаңа қызметті қандай инвесторлар қолдана алатынын анықтап берді.

Айгүл Қыдырбаева, ҚР Жоғарғы соты мамандандырылған сот алқасының төрайымы:

Бұл сот қызметін Қазақстанға екі миллион айлық есептік көрсеткіштің көлемінде инвестиция құйған шетелдік бизнесмендер қолдана алады. Жоғарғы соттың инвесторлардың дауын бірінші инстанциялық сот ретінде қарауы алғаш. Сонымен қатар Жоғарғы сот өзінің апелляциялық құзыретін де сақтап қалды. Инвесторлардың құқықтары қорғалады. Істерді халықаралық құқықтан тәжірибесі бар білікті судьялар қарайды.

Мамандандырылған сот алқасымен қатар Жоғарғы сотта Халықаралық қызмет жұмыс істейді. Шетелдік мамандар қаралатын инвестициялық дауларға өз шешімдерін ұсынып отырады. Бірақ олар тек кеңес ретінде қабылданады. Айта кетейік, жаңа инвестициялық сот алқасына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында кеңінен тоқталған еді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ