Тұрғындары беймәлім жағдайда ұзақ
ұйқыға кететін Калачи ауылының халқы көшіріледі деген ақпарат шындыққа
жанаспайды. Арнамызға түсініктеме берген
Ақмола облысының Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Қайрат
Баймұхамбетов осылай деді. Күні кеше ақпарат агенттіктерінің бірі департамент
басшысына сілтеме жасап, «ұйқы ауруы тараған ауыл сүрілетін болды» деп хабарлаған.
Ақпаратта «Тұтынушылар хұқын қорғау
департаментінің басшысы Калачидегі ахуал жайында өңір басшысына есеп бергені,
ал Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өз кезегінде ауылдықтарды көшіріп,
елді-мекенді жою мүмкіндігін қарастыру жайында ұйғарым шығарғаны» айтылған. Алайда Қайрат Баймұхамбетов бұл ақпаратты жоққа шығарып
отыр.
Айтуынша, бүгінгі таңда тек 9 адам ем
қабылдауды жалғастыруда, ал ауыл тұрғындарын көшіру туралы айтуға әлі ерте.
Еске салсақ, өткен жылы Калачи ауылын
белгісіз "ұйқы дерті" дендеді. Денсаулық
сақтау министрлігі, ғалымдар және мамандар сансыз тексеру жүргізгенімен, әлі
күнге дейін аурудың нақты себептерін анықтау мүмкін болмай жатыр.
Қайрат Баймұхамбетов, Ақмола облыстық Тұтынушылар құқықтарын
қорғау департаментінің басшысы:
Ол дұрыс емес, мен ондай хабарды айтқан жоқпын. Қазір міне ғалымдар, бүкіл Қазақстан
бойынша 5 қыркүйектен бастап сол жерге келеді. Бірге жұмыс жасаймыз. Одан кейін нәтижесі айтылады.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА