Санаулы
күндерден кейін Өскемендегі 18 отбасы үйінен айрылып, далада қалуы мүмкін.
Қазан көшесіндегі қос қабатты жатақхананы апатты деп таныған әкімдік мұнда тұру
қауіпті деп шұғыл түрде қирату туралы шешім қабылдапты.
Бұл жатақхана 1970 жылдары темір жолшыларға арнап салынған. Кейін 2000-жылдары
ғимарат қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансына беріледі.
Биыл қыста үйдің қабырғалары ыдырай бастаған. Арнайы құрылған комиссия
тұрғындарды бұл жерден жедел көшіру керек деп шешім қабылдады. 26 отбасының
8-іне дәл өз пәтеріндей баспана беріледі. Олар өз уақытында жекешелендіріп
алған. Ал енді бірі жеке атына ауыстырып үлгермеген. 2008 жылы апатты деп
танылып, пәтерлерді заңдастыруға рұқсат берілмепті. Енді өз пәтерін жеке
меншікке аударып үлгірмеген тұрғындар бармағын тістеп отыр.
Жандос
Байырханов,
Өскемен қалалық әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Ешқандай
құжатсыз кіріп алған үйлерге. Осының алдында оларға біз сотқа жүгінуге ұсынған
болатынбыз. Олар сотқа арыз-шағым түсіріп, сот оларға пәтер бекітіп беруге
шешім берген жоқ. Өйткені заңдылыққа сай емес. Сол негізде оларға пәтер беру
мүмкіндігі жоқ.
Дегенмен,
қазір үй иелері барлығы бірдей қолда бар құжаттарын жинап, берілер-берілмесі
белгісіз үйден үмітті үзбей отыр. Әрі мұндағылардың көбісі - мүгедектер. Ал
дауға айналған жатақхана сүрілген соң, бұл жерге жаңа үй салынады.
Еркін ҚАРИН