$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Астаналық ұстаздар аттестациядан жылына екі рет өтуі мүмкін

AstanaTV
21.08.2014ж. 20:00
1224
Астаналық ұстаздар аттестациядан жылына екі рет өтуі мүмкін

Астаналық ұстаздар аттестациядан жылына екі рет өтуі мүмкін. Бүгін шаһар басшысы тамыз кеңесіне мерекелік көңіл күймен жиналған мұғалімдерге осындай тосын бастаманы жариялады. Иманғали Тасмағамбетов  "веб-сайт", "гипертекст", "видеоконференция" сынды терминдер ұстаздардың бойында үрей тудыратынын айтып, мұғалімдерді жаңалық пен тың технологияларға жақын болуға үндеді. Кеңес барысындағы  қаузаланған өзге де тақырыптар туралы Тоғжан Жалғасбекқызы баяндайды. 

Астаналық ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен еліміздің бас ұстазы Аслан Сәрінжіпов және  Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов құттықтауға келді. Алайда шаһар басшысы бірден нақты тапсырмалар жүктеуге кірісіп, білім беру жүйесіндегі олқылықтарды жіпке тізуден бастады. Қазақ-түрік лицейлерінде ұстаздар жылына екі рет аттестациядан өтетінін еске алды. "Ал қарапайым мектептерде 5 жылда бір рет қана. Оның өзінде атүсті. Бұл дұрыс емес, аталмыш тәжірибені жаппай енгізу қажет", - деді әкім. 

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:

Ұстаздардың бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында аттестациялаудың әдiл механизмдерiн жасау керек. Жетекшi педагогтарды тарта отыра, қазақ-түрiк лицейлерi  тәжiрибесiн талдап, ең тиiмдi бiлiм беру әдiстемелері мен оларды қалалық мектептерге енгiзу бойынша ұсыныстарды даярлауды тапсырамын.  Бiлiм беру басқармасы 1 қазанға дейiн ұсыныстарды енгiзсін.

Сондай-ақ, қала басшысы ұстаздардың компьютерлік сауатсыздығын сынға алды. Айтуынша, олар тіпті  қызметтік жабдықтарды бүлдіріп алуға, оқушылар алдында біліксіз көрінуге қорқады. 

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:

Астана үшін мұндай жағдайлар мүлдем қабылдауға келмейді. Қаланың барлық мұғалімдері үшін компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыру бойынша курстарды ұйымдастырамыз. Ал оқу жылының аяғында компьютермен және интернетпен жұмыс бойынша біліктілігін тексеру аясында оқытушыларды аттестациялаймыз.

Әлбетте бас шаһардағы алаңдататын басты мәселе кадр тапшылығы. Сандарды сөйлетсек, 200-ге жуық бастауыш сынып мұғалімі мен 50-ден аса математика пәнінің ұстазы жетіспейді.

Эльмира Суханбердиева,  Астана қаласы білім басқармасының басшысы:

700 мұғалім зейнеткерлік жасқа жақындады және 2016 жылға дейін мектептен кетуі мүмкін. Жалпы кадрлар тапшылығы 10 пайыздан асуы ықтимал. Жас мамандарды мектепке жұмысқа тарту бойынша шаралармен тығыз айналысу қажет. Бірінші кезекте кадрларды сырттан іздемей, қатардағы мамандардың біліктілігін жетілдіріп, тәрбиелеу қажет.

Жыл сайын Астанаға 40-60 мың адам қоныс аударатынын да айта кеткен жөн. Сәйкесінше бұл білім беру саласына үлкен салмақ түсіреді. Кадр тапшылы былай тұрсын, мектеп тапшылығы мәселесі тағы бар. Бүгінгі таңда елордада бес мектепте балалар үш ауысыммен оқиды. Бірақ әкімдік осы жылы 11 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деген жағымды жаңалықпен бөлісті. Кеңес соңында әдеттегідей өткен жыл қорытындыланып, үздік ұстаздар "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілерімен марапатталды.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА