$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Таразда зағип жандар бас көтерді

AstanaTV
21.08.2014ж. 20:00
934
Таразда зағип жандар бас көтерді

Таразда зағип жандар бас көтерді. Олар әлеуметтік қызметшілердің айлық ақысын көтеруді талап етуде. Айтуларынша, жәрдемшілерге мемлекеттен төленетін ақы мардымсыз. Сорақысы сол, жұмыскерлер болар-болмас айлықтың өзін 4 айдан бері ала алмай жүр.

Айта кетейік, жанарынан айрылғандарға көмектесетіндерге сағатына 213 теңге белгіленген. Әлеуметтік қызметшілер мұндай бағаға жұмыс істегілері келмейді, ал зағиптар болса, олардың көмегіне зәру. Берекесіздіктен әбден мезі болған мүгедектер базыналарын арқалап, қалалық прокуратура алдына жиылды.

Жарылқасын Қуанышбаев, І топтағы мүгедек:

Айлықтары мүлдем төмен боп жатыр. 2 мың теңгеден 6 мың теңге аралығында бар-жоғы! Ол түкке жетпейді. Тек қана жол күресінен  артылмайды. Одан кейін біз магазиндерге барасыңдар, чек жинайсыңдар деп жатыр. Ал чек жинау үшін біз үлкен магазиндерге бара алмаймыз. Кішкентай  дүкендерде чек жоқ. Базардан азық-түлік аламыз көбінесе.

Тараздағы 150-ге жуық зағип жан атынан қадағалаушы органға келгендер "чек пен мөр талап етуді доғаруды" талап етіп отыр.  Алайда "бұл - заңды белден басу" деген билік өкілдері мүгедектердің талаптарын қанағаттандырмады. Ал Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болса, жәрдемшілерінің жалақы алмауына зағиптардың өздерін кінәлады. Өйткені олар 4 айдан бері тиісті шартқа отырмаған.

Гаухар Олжабаева,  Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

Шартқа қол қойғанда, шартта жазылған бірінші тармағы: «Сегіз сағатқа дейін ақша төленеді, қызмет көрсетсе». Қызмет көрсеткенін дәлелдеу үшін, олар табель тапсырады. Табельде барған орнын, жерін көрсетеді. Соған фактический айлық төленеді. Олар шартқа қол қоймаған ғой. Шартқа қол қойып, дәлелдеп берсе, ақшасының бәрі төленеді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ