Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қарағандыда полицейлерге көмектесетін зейнеткерлерден құралған ерікті жасақ пайда болды

AstanaTV
21.08.2014ж. 20:00
843
Қарағандыда полицейлерге көмектесетін зейнеткерлерден құралған ерікті жасақ пайда болды

Қарағандыда полицейлерге көмектесетін зейнеткерлерден құралған ерікті жасақ пайда болды. Қазірдің өзінде 30-дан аса апа құқық қорғаушыларға қолғабыс етуде.  Ауладағы балалар, қауіп төндіруі мүмкін бұзақылар мен сотқарлар зейнеткерлердің жіті назарында. "Алғашқы нәтижелер көрсеткендей, қылмыспен күресте ең бастысы күш емес, сөз екен",- дейді полицейлер. Толығырақ Тоғжан Жалғасбекқызы.

Мария Галета мен Нина Эккерт таңертеңнен бері төңіректі барлауда. Есік алдындағы дүңгіршек - олардың жұмыс орны. Бақылап отырғандары - ұрдажық балалар, сотқар көршілер мен бұзақылар. Барлығына өздерін қалай ұстау керектігін түсіндіріп отырады. Ал құқықбұзушылық болып жатса, дереу полицияға хабарлайды.

Мария Галета, полицейлердің ерікті көмекшісі:

Біздің қоғамда қандай да бір тәртіп бұзушылық орын алып жатса, "қайтесің, бастысы бізге қатысы жоқ қой" деп, бей-жай қарап отыра береді. Меніңше, ол дұрыс емес. 

Әжелердің бұл жерде ұзақ отыруға мүмкіндігі жоқ. Аптасына үш рет қала көшелеріне  кезекшілікке шығады. Ал атқарған жұмыстарының есебін полиция учаскесіне өткізеді. Шағын дәптердегі ең құнды жазба - заң бұзушылықтар туралы ақпарат.

Бір полиция уческесінің бақылауында 3000-дей азамат болады. Сондықтан әжелер тірек пункттерінде де полицейлерге көмектесіп, азаматтардың арыздарын қабылдауда. 

Бахтияр Нұрланов, учаскелік полиция  инспекторы:

Бізге бұл әлеуметтік көмекшілердің пайдасы өте көп.  Өйткені көп нәрселерді біз қамти алмаймыз. Белгілі бір үйлердің ауласында болып жатқан іс-шаралар, құқық бұзушылықтар анықталып жатса, ол кісілер бізге келіп хабарлап, ауызша не жазбаша түрде өткізіп отырады. Сол арқылы ол жерге біз іс-шара қолданамыз.

Ерікті көмекшілердің көпшілігі - бұрынғы мұғалімдер. Сондықтан олардың негізгі жұмысы - толыққанды емес және жағдайы жоқ отбасылардың балаларымен айналысу. Қазірдің өзінде 60-тан аса баланы жинап, тіпті өздерінің қуыршақ театрын құрып алыпты. Қарағанды аулаларында өткізетін гастрольдерін де жоспарлап қойған. 

Люба Максимова:

Жазды жақсы өткізудемін. Мұнда көп достар таптым.

Тимур Бектембаев:

Мен футбол ойнау үшін орталыққа барамын. Ол жақта өте қызық.

Полицейлердің ерікті көмекшілері жобасымен «ГИАЦ» қоғамдық бірлестігі айналысуда. Қаржыландыру - мемлекеттік тапсырыс есебінен жүзеге асады. Алғашында көмекшілер қарағандылық кәсіпорындардың жас мамандары болады деп жоспарланған. Алайда компаниялар қоғамдық жұмысқа қызметкерлерін жіберуге келісім бермеді. Сол кезде көмекке зейнеткерлер келді.

Наталья Усачева, жобаның әкімшісі, «Гиац» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: 

Біз бұрынғы педагогтарды әдейі шақырдық. Олар заңды да, қиын балалармен қалай жұмыс істеу керектігін де біледі. Бұл адамдар осыған дейін де бірнеше жобаларға қатысып, өздерін жақсы қырынан көрсеткен.

Полиция көмекшілері қанша жерден ерікті болса да, оларға айлық төленеді. Бірақ ай сайын емес. 8 айдан соң жоба аяқталғанда, атқарған жұмыстарының нәтижесі бойынша алады. Алайда мұның өзі зейнеткерлерді тоқтата алар емес. Полицейлер қатарын толықтырғысы келетін еріктілер қатары күн санап көбеюде.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ