«Тур де Франс» марафонында топ жарып, талай
мықты қарсыластың алдын орап кеткен «Астана» велокомандасының спортшылары
елордаға ат басын тіреді. Александр Винокуровтың жетекшілігімен еліміздің көк
байрағын Франция аспанында желбіреткен команда мүшелері Астанада бірқатар
кездесулер өткізді. Толығырақ тілші
бейнематериалында.
«Астана»
велокомандасының жетістігін көре алмайтындар да аз емес. Жуырда Бельгия
прокуратурасы еліміздің бетке ұстар спортшысы, олимпиада чемпионы Александр
Винокуровты пара берді деп айыптады. Бұл ақпаратты бұдан бұрын Бельгияның
«Судинфо би» басылымы таратты. Олардың пайымдауынша, 2010 жылы
«Льеж-Бастон-Льеж» жарысында отандасымыз Ресей спортшысы Александр Колобневке
150 мың еуро пара беріп, жеңіске кедергі жасамауын өтінген. Осы ақпаратқа
байланысты отандасымыз былай деді.
Александр
Винокуров, «ASTANA
PRO TEAM» велокомандасының бас менеджері:
Біреудің
жетістігін көре алмайтындар әрдайым табылады. Маған тағылып отырған айып
астарсыз. Қазір бұл ақпаратқа байланысты алып қосарым жоқ. Мен кезінде екі жыл
велоспорттан тыс қалып, өз айыбымды өтедім. Сондықтан біреулер мені айыптау
арқылы өздерін жарнамалап жүрген шығар.
Шілденің
5-і мен 27-і аралығында 21 кезеңнен тұратын әйгілі "Тур де Франс" велокөпкүндігі
өтті. Айтулы жарыстың екінші кезеңінде "Астана" командасының капитаны Винченцо
Нибали жалпы есепте көш бастады. Қазақстандық ұжымның көшбасшысы 4 кезеңде топ
жарып, жалпы есепте жеңімпаз атанды.
Өмірзақ
Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы:
"Астана" атауы 20 күн бойы еуропаның барлық жетекші арналарынан түспеуінің өзі өте үлкен
іс. Сіздер тек демеуші ретінде біздің ғана емес, күллі Қазақстан халқының
үмітін ақтадыңыздар дегім келеді. Құрылғанына небары 2 жыл болған "Астана" Президенттік спорт клубы қысқа мерзімде толайым табыстарға жетті. Оның құрамына
озық командаларды жинаумыз өзін-өзі ақтады. Өйткені осы жетекші ұжымдар бүгінде
Қазақстанның спорттық имиджін қалыптастырды.
Жарыс
жеңімпазы Винченцо Нибали Астанаға осымен төртінші мәрте келіп отыр. Өткен жылы
Вуэльта көпкүндігінде топ жарып, велокоманданың бас демеушісіне испан турының
қызыл жейдесін тарту еткен болатын. Биыл француз турының жарыс жолына шыққан
барлық велошабандоздардың қолтаңбасы бар сары жейде әкелген Нибали, келер жылы
да сенімді ақтауға серт берді.
Винченцо
Нибали, «Тур
де Франс» велокөпкүндігінің жеңімпазы:
Осындай
жетістікке жетуіме мүмкіндік берген "Астана" велокомандасына алғыс айтамын. Өткен жылы Қызыл жейде жеңіп әкелген болсам,
келер жылы да осындай сары жейдемен келуге тырысамын.
Ал "Астана" велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров әлемдік деңгейдегі
веложарыстарда топ жаратын жергілікті спортшы дайындауға күш салмақ.
Александр
Винокуров, «ASTANA PRO TEAM» велокомандасының бас менеджері:
Бір
жыл бұрынғы кездесуде Сіз "Астана" велокомандасын осы клубтың «асыл маржаны»
деген болатынсыз. Біз сол атқа лайық болуға тырысамыз. Мен бұл команданың
менеджері ретінде бар күшімді, спорттық тәжірибені сарқа жұмсап, өз чемпионымызды, осындай үлкен жарыста топ
жаратын қазақстандық спортшыны тәрбиелеуге тырысамын.
Кездесу
соңында спортшылар бас демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасына сары
жейдені сыйға тартты. Өз кезегінде Өмірзақ Шөкеев спортшыларды "Астана аренада" өтетін "Астана" мен "Вильярреал" кездесуіне шақырды.
Президенттік
кәсіби спорт клубы Нибалимен келісімшартты 2016 жылға дейін ұзартылғанын айтса,
өз кезегінде шабандоз спорттық карьерасын "Астана" сапында аяқтағысы келетінін
жеткізді.
Самат ҚАНАҒАТОВ