$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Алматы қаласындағы жекеменшік балабақшаның басы дауға қалды

AstanaTV
25.08.2014ж. 20:00
1746
Алматы қаласындағы жекеменшік балабақшаның басы дауға қалды

Маңдайшадағы жазу ма, әлде жарнама ма? Алматы қаласындағы жекеменшік балабақшаның басы дауға қалды. Сәулет және қала құрылыс басқармасының талабы бойынша, салық органдары мектепке дейінгі мекеменің ауладағы жазу үшін 74 мың теңге төлеуді талап еткен. Құзырлы орган өкілдері  балабақша атауын жарнама санатына жатқызып отыр. Ал кәсіпкер болса бұл шешіммен келіспейді. 

Даудың басы аулада орнатылған маңдайшадағы атаудан шықты. Алматы сәулет және  қала құрылыс басқармасы бұл жазуды жарнама санатына қосқан. Салық департаменті балабақша иесінен маңдайша үшін ай сайын ақы төлеп отыруды талап еткен. Алайда кәсіпкер бұл шешімге түбегейлі қарсы.

Есенғали Жамалов, балабақша директоры:

Коммерциялық емес ұйымдар, яки мектеп, балабақша секілді орындарда ғимараттың қай салаға негізделгенін көрсететін, бір қабырғаны тұтастай алып тұратын жарнамалық үлкен кешенді дүние, ол - маңдайшадағы жазу саналады. Яғни біздің жағдай, шахмат ойынындағы екі фигураны бірдей жеуге арналған жүріске ұқсап тұр, мұны шенеуніктер коррупциялық қитұрқылық үшін пайдаланады.

«Алматы Жарнама» ЖШС-дегілер  кәсіпкерге талап заң аясында қойылды деп түсіндіріп отыр. Компания заңгері Әділет Жұмабаевтың айтуынша,  балабақшаларды салық төлемінен босататын норма жоқ.  Оның үстіне Есенғали Жамаловқа түсіністікпен қаралған. Төлемге тек балабақшаның атауы ғана есептелген, ал балалар суреттерімен әрленген шарбақ есепке алынбапты.

Әділет Жұмабаев, «Алматы Жарнама» ЖШС заңгері:

«Жарнама туралы» заңның 11 бабында  сыртқы жарнамаға жатпайтын нысандар анық көрсетілген.  Онда  тауар қоятын сөрелер мен терезелерді безендіру, сонымен қатар қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету орындарын безендіру сыртқы жарнамаға жатпайды делінген. Бұл жерде балабақшалар мен өзге де нысандар айқындалмаған.

Белгілі болғандай,  мұндай жағдайға тап болған бір ғана кәсіпкер Есенғали Жамалов қана емес. Алматы кәсіпкерлер палатасындағылар дәл осындай мәселемен бірнеше кәсіпкердің келгенін айтады. Даулы мәселе "Қазақстан жарнама" компаниялары қауымдастығы өкілдерімен бірлесіп қаралды.

Айтуар Қошмамбетов, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Біз "Қазақстан Жарнама" компаниялары қауымдастығының қорытындысын  алдық. Онда бұл нысан  жарнама нысаны саналмайтыны, жәй ғана маңдайша жазуы екендігі дәлелденді.  Салық органдары тәжірибесінде  мұндай мысалдар бар. Кейбір кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартып, айыппұл салады, ал кейбіріне айыппұл салмайды.  Бұл кәсіпкерлер арасында  наразылық туғызып отыр.

Жағдайды зерттеген Кәсіпкерлер палатасы жекеменшік балабақшаларды қорғауға кірісті. Олар қолданыстағы «Жарнама туралы» заңнамаға өзгерістер енгізу туралы бастама көтеріп отыр. Құжатта  жарнама тауары мен маңдайшадағы жазудың аражігіт ажыратуды көздейді. Ұсыныс  бір ай ішінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданбақ.

Базаргүл ІЗІМОВА