Астанада
жаздың ең ыңғайлы көлігі ретінде мойындалған велосипедті қолданушылар саны осы
маусымда едәуір артты. Бұған қалада "жалдамалы вело" жүйесінің пайда
болуы айтарлықтай әсер еткені анық. Бұл жүйе кез-келген адамға қолайлы жерден
көлікке отырып, күн бойында пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгінде Есілдің сол
жағалауда арнайы картамен жұмыс істейтін 200 велосипед тұр. Бір жарым айдың
ішінде жүйеге 400 адам тіркеліпті. Бірақ қызығушылар көбейгенімен,
"тілін" түсінбей жүрген тұрғындар көп. Бұл жобаның қаншалықты тиімді
екенін зерттеген тілшіміз Тоғжан Жалғасбекқызы жаңа велосипедтермен жүріп
көрді.
Астанаға
келсеңіз, қала көшелерінен мынадай тізіліп тұрған велосипедтерді көзіңіз
шалады. Оған қала тұрғындары да қызыға қарап жүр. Бірақ аялдамаларда тұрған
бұл көліктерді кез келген адам айдап кете алмайды.
Рахым
Мұхамбетов, қала түрғыны:
Өзім
велосипед тебемін. Мына велосипедтерді сұрастырып көрдім балалар қойып жатқан
кезде. Азия парктің алдынан көргенмін. Барып бір жерден карточка алу керек
деген соң, сол карточканы қайдан аларын білмегендіктен бармадым. Ала алған
жоқпын.
Рахым
Мұхамбетов секілді жаңа велосипедтерді қолдана алмай жүргендер бар. Жалға
берілетін велосипедтер біздің елде таңсық. Еуропа елдерінде, сосын Қытайда
танымал. Үлкен қалаларда велосипед ең тиімді әрі қауіпсіз транспорт. Ал,
Астанада мұндай жүйе осыдан 1 жарым ай бұрын қала күніне орай іске қосылды. Велосипедті пайдалану үшін
алдымен карта алу керек. Содан соң,
велостанцияға келіп, велосипед тұтқасындағы
экранға картаны қойып, жеке кодты терген соң велосипед - сіздікі.
Арман
Валиев, VELOBIKE серіктесі:
Ал картаны алу үшін велостансада көрсетілген мекенжайға келіп, 6000 теңге
төлейсіз. Міндетті түрде өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз бен мекенжай анықтамасы
болуы керек. Картаны алған соң, ішіне кем дегенде 500 теңге саласыз. Содан соң,
кез келген велостансаға барып велосипедтерді пайдалана бересіз. Алғашқы жарты
сағат тегін, бірінші сағат-100, екінші сағат -250 теңге. Бүгінгі күні бұл
жүйемен сол жағалу түгелдей дерлік қамтылды. Енді, 2015 жылға дейін оң
жағалауды қамтып, одан соң облыстарға жеткізу жоспарымызда бар.
Жоба
ұйымдастырушылары Астанада мәдениеттің
жоғары екенін айтуда. Әзірге, көшеде тұрған велосипедтерге қатысты ешқандай
ұрлық немесе залал келтіру фактілері тіркелмеген.
Лима
Диас, ASTANABIKE ресми өкілі:
Әлеуметтік
жобаның 1-этапына Самұрық-Қазына 200 млн. теңге бөлді. Бүгінгі күні жүйені одан
да жеңіл, қолжетімді ету үшін жұмыстар атқарылуда. Бұл велосипедтердің
ерекшелігі-мұны бір алған соң, тегін жүруге болады. Яғни, алғашқы жарты сағат
тегін болғандықтан, әр велостансаға
жеткенде ведлосипедтерді ауыстырып жүруге болады. Бұл велосипедтер әрдайым
біздің бақылауымызда. Оның қайда жүргенін, қанша км жүрілгенін, бәрін біз көріп
отырамыз. Егер велосипедті алған соң 24 сағат ішінде оған ақша төленбесе және
орнына қоймаса- велосипед автоматты түрде істен шығып, жүрмей қалады. Яғни оны
ұрлағаннан еш пайда жоқ.
Бір
жарым айдың ішінде жаңа жүйені пайдалануға 400 адам тіркеліпті. Тіпті,
велосипедпен аптасына 100 шақырым жүретіндері де бар екен. Біреулер-мұны тек
кешкі серуен үшін пайдаланса, енді бірі велосипедпен жұмысқа қатынайды. Қала
тұрғыны Әлібек Есенқұлов осы сөзімізге дәлел. "Барлық тірлігімді
велосипедпен бітірем", - дейді. Ол
қос дөңгелекті көлікті күніне кем дегенде 1 жарым сағат пайдаланады.
Әлібек
Есенқұлов:
Маған өте ыңғайлы. Жұмыстан шыққан соң, әрбір 500 метрде мынадайц
терминалдар орналасқан. Жұмысқа баруға, шаруаларымды бітіруге өте ыңғайлы.
Күнделікті отырып жұмыс жасайтын болғандықтан денсаулыққа өте пайдалы. Бір
жағынан экономия. Жарты сағатта бүкіл жұмысыңды бітіріп тастауға болады.
Велосипедшілер
жол бойындағы кедергілерді де жақсы біледі. Қолайсыздықтарды жою - арзан
көлікті қолданушылар қатарының артуына түрткі болады деп санайды.
Саян
Сайран:
Бірақ
барлық жерлерде бізге арналған жолдар бар деп айта алмаймын. Кейде, автокөлік
жүргізушілері жол бермейді. Жаяу жүргіншілер жолағынан өткенде де қиындықтар
болады.
Біреу өз велосипедімен жүргенді ұнатады. Енді бірі көшеден қолма - қол ақшамен
алғанды жөн көреді. Кімнің қандай велосипедті пайдаланатыны өз еркінде, әрине.
Ал мына жаңа велосипедтерді алғашқы қар түсе салысымен, күн жылынғанша, қысқы
тұраққа әкетеді. Сондықтан таза ауада денені шынықтырам десеңіз, жылы күндерді
босқа өткізбеу керек.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ