Қазақстандық педагогтар Монтессори ілімін үйренуде. Қазақстанда алғашқы рет мүмкіндігі шектеулі
балалармен жұмыс істейтін педагогтар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлер
үшін Монтессори жүйесі туралы семинар өтіп жатыр. Оны ресейлік ерте дамыту
институтының әдіскері - Татьяна Игрушкина жүргізуде. Инклюзивті қоғам құруға
бағытталған жоба бес күн бойы жалғасады. Республиканың 6 аймағынан келген 25
маман Монтессори жүйесінің негіздері мен әдістерін меңгеруде. Мектепке дейінгі
мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуде бұл әдістеме Еуропада, Ресейде кеңінен қолданыс тапқан.
Бүгінде Қазақстан бойынша мүмкіндігі шектеулі
балалардың саны 150 мыңға жуықтайды. Бір ғана Астананың өзінде 2 мыңға тарта
мүгедек бала тіркелген. Оларды өмірге бейімдеп, дамыту үшін жоғары білікті
мамандар көмегі мен әр балаға жұмыс істеуге қолайлы орта қажет. "Монтессори
жүйесі бойынша жабдықталған арнайы бөлмелер осы талаптарға сай",-дейді
педагогтар. Өкінішке орай, еліміздегі бейімдеу және білім беру мекемелерінде
мұндай жабдықтар да, жаңа жүйені меңгерген мамандар да аз.
Хадиша Сержанова,
"Дара" қорының менеджері:
Бұл ілімнің ерекшелігі - бұл
жерде педагог балаларды мәжбүрлемейді, "мына жерге отыр, мынандай тапсырма жаса" деп. Ол жерде баланың жас
ерекшелігіне, қабілет мүмкіндігіне қарай барлық жағдай қарастырылады. Педагог
балаларды қызықтыруы мүмкін. Ары қарай бала өзіне қызық нәрсені таңдап, сол
бойынша дамиды. Яғни еркін даму.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ