$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Нұрсұлтан Назарбаев Украина мен Ресейді өзара мәмілеге келуге үндеді

AstanaTV
26.08.2014ж. 20:00
1152
Нұрсұлтан Назарбаев Украина мен Ресейді өзара мәмілеге келуге үндеді

"Бүгін Ресей үшін де, Украина үшін де сын сағаты, себебі қантөгістің бұдан әрі жалғасуы мүмкін емес". Минскіде Украина басшысы Петр Порошенкомен екіжақты кездесу кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлатан Назарбаев осылай деді. Іле-шала бас қосу Кеден одағы елдері лидерлері, Еуропалық одақ өкілдері және Украина басшылығының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. "Онда Нұрсұлтан Назарбаев Украина мен Ресейді өзара мәмілеге келуге үндеді", - деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан басшысы: "Бітімгершілік жарияланған аралықта елдің оңтүстік-шығысында зардап шеккен тұрғындарға ауқымды гуманитарлық көмек көрсетіп үлгереміз. Қазақстан бұл істе делдал болуға дайын", - деді. Украинаға гуманитарлық көмекті Халықаралық Қызыл жарты ай ұйымының қазақстандық желісі арқылы іске асыруға болатынын жеткізді. "Біздің ұстанымымыз, менің жеке ұстанымым - соғысты тоқтату түйінін тауып, қалпына келтіру жұмыстарын бастау қажет», - деді Президент Назарбаев. Ал Ресей президенті Владимир Путиннің ойынша, Украина не Кеден одағын, не Еуропалық одақты таңдауы тиіс. "Егер Украина Достастық елдеріне ортақ техникалық нормадан бас тартып, еуростандартқа көшсе, миллиардтаған еуроға шығындалады", - деді Путин.

Олай болған жағдайда, Украина Кеден одағы елдерімен өнеркәсіп, қаржы, ауыл-шаруашылығы және көлік саласында қарым-қатынасты үзуі ықтимал екенін жеткізді. Ал Украина президенті Петр Поршенконың өзі бүгінгі Минскідегі кездесуде Украинаның тіпті тұтас Еурпаның тағдыры шешіледі деп есептейді. Ол Қазақстан, Беларусь және Ресей басшыларын өзінің бейбіт жоспарын қолдауға үндеді. "Дәл қазір ең өзекті мәселе - қантөгісті тоқтатып, Донбасты қайта қалыпқа келтіру", - деді Украина президенті.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ