Шымкентте
«Темірбанк» АҚ-ның бөлімшесінде орын алған қаржылық құйтырқылықтарға байланысты
қозғалған 146 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл ақпаратты ішкі істер
департаменті арнамызға берген сұқбатында растады.
Салтанат
Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы:
Негізінде
бұл қылмыстық іс 2011 жылдан бастап 2014 жылға дейін жалғасын алып келе жатыр.
Соның арасында 146 қылмыстық іс сотқа жолданған. Ия, қаралып та жатыр,
жауапкершілікке тартылған адамдар да бар. Осы несиеге байланысты алаяқтықпен
айналысып жүрген қазірде 16 адам өз жазасын алып, түрмеде өтеп жатыр сол
жазаларын.
Айта
кетейік, несие түрінде рәсімделген банк қаражатының талан-таражға түскенін
айтып, анық-қанығын анықтап беруді құзырлы орындардан аталған қаржылық
құрылымның қазіргі басшысы сұраған. Ішкі істер департаменті тергеушілерінің
анықтауынша, миллиардтаған қаржының талан-таражға түсуіне сол банктің өз
қызметкерлерінің қатысы болған. Банк қызметкерлерінен бөлек, қарапайым халық
арасынан да делдалдар тартылған.
Тергеу деректері бойынша, алдын ала
ымыраласқандар қылмыстық істі оңай тәсілмен жүзеге асырған. Қулығына құрық
бойламағандар ірі көлемде несие алу үшін бос жатқан жер учаскелерінің орнында
зәулім үй бар деп көрсетіп, көз алдаған. Ал қайсібір қуықтай бөлмелерді кең
сарайға балапты. Барлығын да жалған құжаттар арқылы жүзеге асырғаны тергеу
барысында мәлім болды. Нақты шығын әлі анықталып жатыр деді.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ