$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Атырауда Эбола безгегінен қорғану шаралары қолға алынып жатыр

AstanaTV
28.08.2014ж. 20:00
1357
Атырауда Эбола безгегінен қорғану шаралары қолға алынып жатыр

Атырауда Африка елдерінде өршіп тұрған Эбола безгегінен қатаң қорғану шаралары қолға алынып жатыр. Халықаралық әуежайда арнайы санитарлық-карантиндік бекет құрылды. Мамандар шетелден келіп жатқан жолаушыларды тепловизор және жанаспай өлшейтін пирометр құрылғыларынан қатаң бақылауда.

Өндірісті өңірге аптасына 10 халықаралық  рейс қатынайды. Оның алтауы Амстердамнан және төртеуі Стамбул мен Анталиядан келеді. Жыл басынан бері 257 халықаралық рейспен 22 мыңға жуық жолаушы ұшып келген. Арасында Африка елдерінің де азаматтары бар. Әуежайдағы бекет мамандары, олардың барлығы міндетті түрде санитарлық дәрігердің қарауынан өткенін айтады.  

Айнагүл Орынбасова, Атырау халықаралық әуежайы санитарлық-карантин бекетінің бас маманы:

Атырау аумағында эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден рейс қатынамайды. Қазір таңда СКП мамандары бақылауды тиісті деңгейде жүргізіп келеді. Әуе жолаушылардың бәрін партотептік тепловизорлармен қарсы алып отырамыз. Бүгінгі күнге дейін дене қызуымен әуе жолаушылары анықталған жоқ. Күнделікті аталған рейстерге, экипаж мүшелеріне және борт серіктерімен тіркелген жұқпалы ауруларға байланысты әңгімелер жүргізіп, брошюралар таратып отырамыз.

Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымы дерегі бойынша, бүгінде Эбола безгегіне шалдыққандар саны екі есеге артып, 3 мың 62 адамға жетті. Оның 40 пайыздан астамы соңғы үш аптада тіркеліпті. Безгек Сьерра-Леон, Либерия, Гвинея және Нигерияда таралған. Бұдан бөлек, осы дерт Батыс Африкада 1 мың 552 адамның өліміне себеп болды.

Базаргүл ІЗІМОВА