Францияда
халықаралық қаржы қорының басшысы Кристин Лагардтқа қатысты ресми түрде тергеу
амалдары басталды. Ол президент Николя Саркози кезінде Қаржы министрі бола тұра, салғырттық танытып, қылмыстық әрекетке жол бергені үшін айыпталды.
Оның ісі
«Тапи» деп аталады. Өйткені Кристин Лагард Бернар Тапи атты кәсіпкерге аты шулы
«Адидас» ісі бойынша сотта жеңіске жетуге септігін тигізген. Және осы істі
мемлекеттік емес, төрелік сотқа беріп жіберген. Сөйтіп төрелік сот кәсіпкердің
арызын қанағаттандырып, оған 400 млн еуро шығын өтеп береді. Ал ол қаржыны
квазимемлекеттік банк қайтарады.
Айта кетерлігі, халықаралық қаржы қорының
басшысы бұрынғы қызметтеріне байланысты туындаған айыптауларға бола отставкаға
кетпейтінін мәлімдеді. Ал аталмыш қорды Лагардтқа дейін басқарған Доминик
Стросс-Кан зорлау бабы бойынша айыпталып, өз еркімен қызметін босатқан еді.
Айгүл ӘДЕПБАЙ