$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Оралда ЖЖМ тапшылығына ашулы жүргізуші көлігін әкімдік алдында қалдырып кетті

AstanaTV
29.08.2014ж. 20:00
1241
Оралда ЖЖМ тапшылығына ашулы жүргізуші көлігін әкімдік алдында қалдырып кетті

Оралда жанармайдан тарыққан жол талғамайтын көлік иесі, облыстық әкімдіктің алдына көлігін қойып, терезесіне "Бензин жоқ" деп жазып қойды. Ол осылайша жергілікті билікке наразылығын білдірді. Бірнеше минуттан соң оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары көлікті алып тастауын талап еткен. Бірақ ол талапты орындай алмайтынын, өйткені отынының таусылғанын айтты.

Көлік иесі Данияр Жұмабаевтың айтуынша, ол таң атқалы жанар-жағар май іздеп қала ішінде сабылған. Бензиннің түбіне жеткен соң, әкімдікке жетіп алуды көздепті. Полиция өкілдері қызметтік көлігінен бензин құйып беретіндерін айтқан. Бірақ оған келіспеген наразы жүргізуші өзі арнайы эвакуатор көлігін шақыртып, темір тұлпарын алып кетті. Дегенмен, тәртіп сақшылары, оған көлікті қою ережесін бұзды деп 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салмақшы. Данияр Жұмабаев қоғамдық тәртіпті бұзғанын мойындайды, тіпті айыппұлды да төлеуге дайын. Шарасыз болған соң, осындай қадамға бардым дейді.

Данияр Жұмабаев:

Әрине, менің ісім заңға қайшы. Бірақ қалада бензиннің жоқ екендігін билік те мойындау керек қой. Олар өзге әлемде өмір сүретін секілді. Халықтың бензин таппай қиналғанын осылай көрсеткім келді.

Осы оқиғадан соң Оралда жаңа ұран пайда болды. "Әкімдіктің алдына көлігінді қой да, патрульді көліктен тегін бензин ал" деген. Ал шенеуніктер қалада бензин қоры жеткілікті екендігіне тағы бір мәрте сендіруге тырысты.

Мұрат Бәйменов, БҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Мен "ҚазМұнайГаз" компаниясымен тілдестім. Олар көп мөлшерде Ресейден жанармай сатып алды. Аптаның соңына қарай, бензин олардың барлық май құю бекеттерінде сатылады. Баға литріне 128 теңге болып қала бермек. Өкінішке орай, елімізде өндірілетін жанармай ішкі қажеттілікті қамтамасыз ете алмайды.

Еркін ҚАРИН