$527.3 €544.86 ₽4.95
×

Орал әуежайы үш айға жабылды

AstanaTV
03.09.2014ж. 10:00
1673
Орал әуежайы үш айға жабылды

Орал әуежайының ұшу-қону алаңы қарашаға дейін жөндеуге жабылды. Енді жолаушылар діттеген жерге жету үшін 500 шақырым жердегі Атырау әуежайынан ұшады. Орал әуежайының ұшып-қону алаңын жөндеу жұмыстарына 6 миллиард теңге бөлінген. Ол екі кезеңмен жүргізіледі деп жоспарланыпты. Алдымен ұшу-қону алаңының ені мен ұзындығы ұлғайтылады.

Азамат Тұраш, «Орал халықаралық әуежайы» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

Бұл жұмыстар 1-қыркүйектен бастап, 15-қарашаға дейін екі ай жарымға дейін созылады. Ал келесі жылы қалған метео, жарық қондырғылары орнату жұмыстары жүргізіледі. Ғимаратты да жөндеу біздің жоспарымызда бар.

Айта кетейік, Орал әуежайындағы ұшу алаңының салынғанына 40 жыл өткен. Содан бері жібі түзу жөндеу көрмепті. Осыдан 2 жыл бұрын, апатты күйде тұрған алаңға алып лайнерлер қонудан бас тартқан болатын. Жолаушыларды Атырау қаласына жеткізу ісін әуежай өз мойнына алған. Олар осы мақсатта сыйымдылығы 50 адам болатын 4 автобус сатып алыпты. Әуежай басшылығы шығын көбейгенімен, билет бағасы қымбаттамайтынын ескертті. Атырауға Оралдан шыққан алғашқы автобуста жеті жолаушы ғана болды. Олар жөндеу жұмыстарының басталуына орай, ұшаққа дейін қосымша 7 сағат жол жүретіндеріне түсіністікпен қарайтындарын айтты.

Айнагүл Қанағатова, жолаушы:

Орал мен Атыраудың екі ортасы 500 шақырым, енді өзім ойлаймын түнде болғасын жол жеңіл болады деп, ешқандай қиындық төндіріп тұрған жоқ.

Жүсіп Қауметов, жолаушы:

Жалпы, Атырау мен екі ортадағы жол жақсы, бұрыннан жеңіл машинамен жүріп жүрген жол. Мен үшін ешқандай бөтен емес. Енді былай, Оралдан ұшқаны жақсы еді. Бірақ енді не істейміз? Ремонт бізде болғаны жақсы ғой. Келесіде ана үлкен самолеттер ұшуға қолайлы болады. Солай ұшамыз, басқалай не істейміз? Көнеміз. Бірақ, енді жақсылық болады деп есептейміз түбінде.

Еркін ҚАРИН