$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Вуэльта» марафонының 11-ші кезеңі спортшылардың жаппай құлауымен басталды

AstanaTV
04.09.2014ж. 13:00
1196
«Вуэльта» марафонының 11-ші кезеңі спортшылардың жаппай құлауымен басталды

«Вуэльта» марафонының 11-ші кезеңі спортшылардың жаппай құлауымен басталды. Жарақат алған шабандоздардың арасында «Мовистар» клубының капитаны Найро Кинтана болды. 10-шы кезеңде де оңбай құлаған Кинтана бұл жолы ауыр жарақат алып, жарысты біржолата аяқтады. Қалған командаларға бұл кезең ауыр тиді. Жарыс барысында спортшылар 1-ші дәрежелі шыңды бағындырды. Алғаш болып пелатоннан суырылып шыққан голландиялық Роберт Гесинк жеңіс үшін барын салды. Бірақ, жуырда ғана жүрегіне ота жасатып, велоспортқа қайта оралған «Белкин» командасының өкілі көпке ұзап кете алмады. Оның ізіне түскен Альберто Контадор, Фабио Ару, Алехандро Вальверде, Хоаким Родригес және Кристофер Фрум жылдамдығын үдетті.

Межелі жерге бір жарым шақырым қалғанда "Астана" командасының капитаны Фабио Ару қарсыластарынан оқ бойы озып, шықты. 24 жасар италиялықтың қарқынына шыдай алмаған қалған капитандар кідіріп қалды. Бұл сәтті ұрымтал пайдаланған қазақстандық клубтың өкілі жылдамдығын үдетіп, 11-ші кезең жеңімпазы атанды. Одан 7 секундқа қалып қойған Алехандро Вальверде екінші орынды иеленсе, үшінші сатыны «Катюша» командасының спортшысы Хоаким Родригес еншіледі.

Бұл жетістігінен кейін Фабио Ару жалпы есепте 7-ші сатыға көтерілді. 11-кезеңнен кейін «Астана» клубының капитаны қызыл жейденің иесі Альберто Контадорға 2 минут 13 секунд ұтылып келеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ