$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Алматы облысының Бесағаш тұрғындары коммуналдық тығырықта

AstanaTV
04.09.2014ж. 20:00
1352
Алматы облысының Бесағаш тұрғындары коммуналдық тығырықта

Біздің редакциямызға Алматы облысының Бесағаш кенті тұрғындары хабарласты. Олар жылдар бойы жөндеу көрмеген автокөлік жолына  жергілікті әкімдіктің еш шара қолданбай отырғандығына шағымданды. Тұрғындар  шенділердің табалдырығын қанша тоздырғанымен, нәтиже жоқ. Тілшілеріміз Бесағаш ауданы әкімінен мәселенің қашан шешілетінін біліп қайтты.

Жергілікті тұрғындар: "Осыдан 10 жыл бұрын Бесағаш кентінің Қарасай батыр көшесі жайнап тұрушы еді",-  деп еске алады. Коттедж қалашығы мен саяжай шаруашылығының құрылысы басталысымен, жағдай түбегейлі  өзгерген. Көшенің көркі қашты дейді. КАМАЗ бен өзге де ауыр жүк көліктері жолдың астан-кестеңін шығарыпты. Ал жол соңғы сегіз жылда мүлде жөндеу көрмеген. Шаңнан арылмаған ауылда қазір ағаштар да қурап кеткен.

Аман Күзембаев,  Бесағаш кентінің тұрғыны:

Бұл жерде құрылыс қарқынды жүріп жатыр.  Таңнан кешке дейін жүк көліктері қатынайды. Шаңға су шашып жатқан да жоқ. Енді құрылыс салды екен, ең болмаса, шаңды басу керек қой. Бірақ оны ойлап жатқан ешкім жоқ.

2006 жылдан бері тұрғындар  жергілікті әкімдікке оннан астам арыз жазыпты. Жолды жөндеу туралы өтініштің ешбірінен жауап болмаған.

Аман Күзембаев,  Бесағаш кентінің тұрғыны:

Әкімдік биыл жөндеу жүргіземіз деп уәде еткен.  Бұл жолы да алдап соқты. Мына жерде жұмысты бастап, ұсақ тастар төседі де, айналып кете барды.  Қанша арыз жаздық, барып көрулеріңізге болады. Бірақ біріне де жауап алған жоқпыз. Қаншама рет бардық та,  әкім орынбасарлары уәдені үйіп төгіп құтылады.

Бұл көшеде 12 үй бар. Бірінің иесі Мария Ингамжанова, мұндағы тұрғындардың әрқайсысы бүгінде  денсаулығына шағымданады деді. Ол немерелерін далаға жібермейтінін айтады. Шаңмен тыныстағанша, үйдегі тар ауада болғаны дұрыс дейді.

Мария Ингамжанова, Бесағаш кентінің тұрғыны:

Тасты шаң көтеріледі.  Онымен біз демаламыз ғой.  Міне өкпеміз шаңға толып қалды. Бәрімізде көз ауруы бар. Тіпті сол көз тамшыларын сатып алып үлгермейміз. Осы көше тұрғындарының бәрі жоғары тыныс алу жолдары ауруына шалдыққан.

Қаламқас әже,  Бесағаш ауылының тұрғыны:

Шаң деген керемет. Қандай жағдай болады, білмеймін. Бір адам келмейді.

Бізге Бесағаш ауылының әкімі Ұлықбек Қапалбековпен кездесудің сәті түсті.  Ол тұрғындарға мәселені биылдан қалдырмай шешуге уәде берді. 

Ұлықбек Қапалбеков, Бесағаш селолық округының әкімі:

Барлық мәселелер: асфальт бойынша, Қарасай батыр көшесі бойынша, біз қазір жаңадан облыстан, ауданнан сұрап отырмыз ақша. Асфальт жасау үшін. Қазіргі кезде оның барлығы бекітілді, тек қана мына ақшаның келуіне байланысты және конкурс қашан болады, соған байланысты жұмыс бітеді. Жақын арада бәрі түседі.

Әкіммен тілдескеннен кейін бесағаштықтар түсіру тобымызға жергілікті биліктің жазбаша жауабын көрсетті. Онда Қарасай батыр көшесіне асфальт төсеу тек 2015 немесе 2016 жылдарға жоспарланып отырғанын көрсетілген. 

Базаргүл ІЗІМОВА Карима КУРАЛОВА