$513.74 €569.17 ₽6.33
×

Орал қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау бекеттері ашылды

AstanaTV
05.09.2014ж. 13:00
2222
Орал қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау бекеттері ашылды

Қалауын тапса қоқысты да саудалауға болады. Оралдықтар пайдаланылған қағаздар мен пластик шөлмектерді далаға лақтырып тастамай, ақшалап алуға кірісті. Қазір қаладағы ықшам аудандарда тұрмыстық қалдықты қабылдау бекеттері ашылған. Мұнда тапсырылған қоқыстар сұрыпталады. Олардың ішінен қағаз бен газет-журналдар және пластик шөлмектер бөлек жиналады. Әзірге бұл қоқыстың қызығын балалар көруде. Базар маңындағы шөлмектер мен қағаздарды жинап, осында тапсыратын олар төленетін тиын-тебенге дән риза.

Серік Ғұмаров, мектеп оқушысы:

Көшеде жатқан баклашкаларды тапсырамын, сосын ақша береді. Уже менде 240 тг ақша шықты. Оқу құралын аламын, сабақ басталды.

Тың бастаманы қолға алғандар қатты тұрмыстық қалдықтарды қайтадан пайдаға жаратуды көздеп отыр. Оның үстіне қоқыс полигонына тасталар қалдықтар көлемі азаяды. Алдағы уақытта тағы төрт жерден осындай қабылдау бекетін ашуды жоспарлап қойған. Қала тазалығымен айналысатын "Оралтазасервис" мекемесі бастама көтерушілерді қолдап отыр.

Дмитрий Борисов, қоқысты қайта өңдеу цехының басшысы:

Жиналған қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі. Мұндай өңдеу орталықтары Ресейде ғана емес, Қазақстанда да бар. Тапсырылған қағаз қалдықтарынан әжетхана қағазы мен рубероид немесе қайтадан картон бұйымдары жасалады. Пластик бөтелкелер де кәдеге асады. Қазір тұрғындар осындай керексіз қалдықтарды өздері әкеліп, қуана-қуана тапсырады. Сұраныс бар.

Еркін ҚАРИН