$513.74 €569.17 ₽6.33
×

ОҚО-ның университеті студенттерден қосымша төлем талап етіп жатыр

AstanaTV
05.09.2014ж. 20:00
1947
ОҚО-ның университеті студенттерден қосымша төлем талап етіп жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерінен маза кетті. Олар «жоқ» қарыз үшін оқудан шыққалы жатырмыз деп шыр-пыр. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы жоғары оқу орнының ондаған топ студенті  өздерінің  университетке берешек екендерін оқу орнын бітірер жылы бір-ақ біліп отыр. Оларға қарызды толықтай төлеуге қыркүйек соңына дейін мұрсат берілген. Дал болған жастар жайын және олардың төлеген қаржысы қайда кеткенін әріптесім Айзада Төребекқызы анықтап көруге тырысты.


Жаңа оқу жылы Түркістандағы қазақ-түрік университеті студенттері үшін жайсыз жаңалықпен басталып отыр. Алдағы көктемде диплом аламыз деп  үміттеніп жүрген бір топ  жас өздері оқыған жылдарға соқыр тиын төлемеген болып шықты. Турасында жыл сайын оқу ақысын төлеп келгенмен, онысын дәлелдей алмай әуре. Бірінің берешегі 80 мың теңгеден басталса, кейбірінің борышы 600 мың теңгеден асады.

Мадина  Құдайберген, Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті:

Менің қарызым  643 мың теңге. 2011-13 жыл аралығындағы қарыз. Ал негізінде  мен оның барлығын офис-менеджері Отарбекова Фаридаға бергем. Отарбекова Фаридадан квитанция сұрағанымда, «үйде» деді. Үйіңізге барып алайын дегенімде «Мен қонақтамын» деп үйіне шақырмады. Сонымен ала алмадым.

Студенттер университеттің Кентау қаласындағы бөлімшесі жабылғанға дейін, сонда оқып келгендерін айтады. Сөздеріне сенсек, ол жақта есеп-қисап бөлімі жоқ. Сол себепті ақшаны кеңсе-менеджерінің қолына ұстатып келіпті, көпшілігі. Бөлімшенің жыры аздай, бас ғимаратқа ауысып келген жылдардың да төлемі туралы дерек ұшты-күйлі жоқ. Дәлелдей алмай әуреміз дейді басы қатқан студенттер. Тіпті банк арқылы есептескендердің өзі берешек болып  отырғандарын айтады.

Жазира Шәкірханова, Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті:

Менің өзіме оқу орны 92 мың жазып қойған. Ол 92 мыңды мен төлегем. Міне, сынақ кітапшамда курстан курсқа өтілді деген. 3-курсқа дейін мөрі бар деканның. Бұл мөр бола тұра, мені қыркүйектің 8-не дейін лично өзімді  шығарып жіберем дейді, декан.

Келісімшарт бойынша, студент оқу ақысын кешіктірсе, емтиханға жіберілмейді. Студенттер бұл талапты жақсы біледі. Тіпті оқу ақысын төледі деген түбіртегі барлардың өзі сарсаңға түсіп тұр. Өйткені түбіртектері жалған.

Аяулым Құдиярова, Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті:

Менің 99 мың қарызым бар. Оны 100 мың қылып бергем. Апай менен оны мен кассада очередь көп болған соң, сессияға таяу қалған кезде «мен өзім төлей салам. Сен сессияға кіре бер» деп зачеткама печать басып берген. Сессияға жіберілді деп.

Серік Мананбаев, студенттің туысы:

Жалған боп тұр. Оны қазір мына жерде  осы жердің бухгалтериясымен салыстырғанда, бұл жерде  менің түсінгенім бойынша, 194-ші отделение осы Түркістандыкі. Ал 129 деген жоқ нәрсе. Бұны басқа жаққа тексертсек,  «Бұл Түркістанның бөлімшесі» дейді. Бірақ мына печать өтірік істелінген. Мынадай адам Түркістан Халық банкінде Толысбаев Қуаныш деген кассир боп істемеген.

Амалы таусылған студенттер жуырда прокуратураға арыз түсіріпті. Олардың мәліметінше, 300-ге жуық тәлімгер осындай қиындыққа тап болған. Алайда оқу орны басшылары бұл санды елуге жуық деп қысқартты.

Берік Ахметов, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры:

Университет тергеу органы емес. Тергеу жүргізе алмайды. Біздің ішкі комиссиямыз бүкіл шыққан әділетсіз заңсыздықтардың бәрін жинадық та, прокуратуға өткіздік. Енді солардың шешімін күтіп отырмыз. Оған дейін  біз олардан ақша талап етуге құқымыз жоқ. Себебі дәлелдемесі жоқ.

Қазір бұл іс Түркістан қаласы прокуратурасының назарында. 

Артықбек Пашаев, Түркістан қаласының прокуроры:

Қазіргі таңда  қазақ-түрік мемлекеттік университетінің студенттері ақша төлемеді деген факті бойынша қаржы полициясымен тексеру жүргізілген. Қазіргі таңда қаржы полициясы мен мамандарды қатыстырумен қаржы бақылау комитетінің облыстық мамандарымен тексеру жүргізу тағайындалды. Тексеру тағайындалған қорытындысымен нақты процессуалдық шешім қабылданады.

Құзырлы орындар ақ-қараны анықтағанға дейін студенттер оқудан шығып қаламыз ба деп қорқады. Өйткені олардың біразына берілген соңғы мерзім - алдағы дүйсенбі. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ